Қарамырза ауылдық округіне қарасты елді мекендердің – Кошевое ауылы. Бүгінде бұл ауылда тұратын тұрғындар саны өте көп емес. Онда небәрі 208 халық тұрады. Аула саны – 69.
Осы шағын ғана ауылдан алыстамай, ауыл шаруашылық саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан ағайынды Сыздықовтардың кәсібі көпке үлгі болып отыр.
Жуырда ағалы-іңілі Қаратай мен Ағатайдың еселі еңбектерімен тереңірек танысу мақсатында Кошевое ауылына барып қайтқан болатынбыз.
Сыздықовтардың шаруашылығы орын тепкен жер бұрын Молодежное ауылы деп аталыпты. Бұл елді мекенді бертін келе Кошевое ауылына қосыпты. Қазір бүтін бір ауыл.
Бірлігі бекем ағайынды Сыздықовтар 2003 жылы «Еңбек-С» шаруа қожалығын құрыпты. Бүгінде егін және мал шаруашылығын дамытып отыр. Қожалықтың иелігінде 3 мың гектар аумақты қамтитын жайылымдық жер және 4200 гектар егістік алқап бар. Мал шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Бүгінде 80-ге тарта ірі қара, 90 бас жылқы, сондай-ақ 600 жуық қой бар.
Биыл қожалық 2500 гектар жерге егін егіпті. Қазір алтын дәнді ысырапсыз жинап алу үшін тер төгіп жатыр.
-Биыл жазда жауын-шашын аз болғандықтан, астықтың шығымы айтарлықтай емес. Табиғаттың бермесін тартып ала алмайсың. Сондықтан Жер-ананың берген ырыздық-несібесін қанағат етеміз. Қазір жерден өнген өнімді төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алу жолында қызу еңбек жүріп жатыр. Әр гектардан орташа есеппен 5 центнерден өнім алудамыз. Бүгінгі күнге дейін барлық жұмыстардың 60 пайызын атқарып үлгердік. Тұқымдыққа 100 тонна бидай, 60 тонна арпа және 70 тонна қатты бидай түсіріп алдық. Жұмыстарымыз біртіндеп еңсеріліп келеді. Басты мақсат – ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, алдағы жұмыстарды жоспарланған деңгейде орындап шығу, – дейді Қаратай Сыздықов.
Қаратай Исенұлы Қарасу ауданына қарасты Амангелді ауылында туып өскен. 1979 жылы Молодежное ауылына қоныс аударыпты. Кейіпкеріміз ол кезде бозбала жігіт еді. Осы ауылдан түлеп ұшып, агроном мамандығы бойынша оқуға түседі. Еңбек жолын агроном болып бастап, кейін трактор тізгіндеп, жастайынан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырына қанығып өсті. Ерен еңбегінің арқасында көзге түсіп, бірнеше жыл бригадир болып та жұмыс істеді.
Бүгінде жеке шаруашылығын ұршықтай иіріп әкеткен ағайынды Сыздықовтар еңбегінің жемісін көруде. Жұмыстарды дер кезінде атқаруға техникалары да жеткілікті. Жыл өткен сайын техника паркі жаңа көліктермен толығуда. Қожалықта 4 комбайн, 3 «КАМАЗ» жүк көлігі, 4 «Кировец» тракторы, 5 «Беларус» тракторы және егістікке қажетті басқа да агрегаттар жетерлік.
Ауыл шаруашылығын дамыту – ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бұл сөзімізге, мал шаруашылығын дамытуды көздеген «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары дәлел бола алады.
«Еңбек-С» шаруа қожалығының дамуына мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған септігі көп.
-Бүгінде мемлекетіміз мал шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Осы көрсетіліп жатқан қолдауды тиімді пайдалану керек. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 18 млн 570 мың теңге несие алып, оған еділбай тұқымды 350 бас қой және 1 жаңа трактор сатып алдық. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дейді. Сондықтан болашақта асыл тұқымды қой басын көбейтіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, өзіміз де пайда табамыз деп ойлаймын. Ең бастысы, тынымсыз еңбек етіп, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарау керек, – дейді кәсіпкер.
Ағайынды Сыздықовтардың ілкімді істері мұнымен шектелмейді. Олардың алға қойған жоспарлы істері көп. Айталық, аумағы 720 кв. метр болатын жаңа ферма салып жатыр. Қожалық еш жерден несие алған жоқ, оны өз қаражатына тұрғызуда. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарына 2 млн теңге қаржы жұмсалды. Қазіргі уақытта ферманың қабырғалары, бөренелері және ішкі жұмыстарының біршамасы атқарылды. Ферма жыл соңына дейін салынып бітеді. Биыл фермаға асыл тұқымды 50 бас ірі қара байланбақ, алдағы уақытта оның санын 100-ге жеткізу жоспарланып отыр.
– Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 41 млн теңге несие алып, бұл қаржыға Австрия Республикасының Регау округінен 50 бас симменталь тұқымды қашар сатып әкелдік. Қашарлар 8-13 айлық. 1 басты 800 мың теңгеге сатып алдық. Енді алдымызда осы асыл тұқымды малды көбейту мақсаты тұр. Сондай-ақ сүт өндіру бағытында да жұмыс жүргізетін боламыз. Ферманың қасына сүт сақтауға арналған танкер орнатамыз. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бірі – сүт. Сондықтан бұл бағыт бойынша да қыруар жұмыстар күтіп тұр. Әрине, бәрі уақыттың еншісінде, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінгі таңда қожалықта 15 тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жазғы мезгілде жұмысшылардың саны артады, яғни науқан кездерінде қосымша адамдар жалданады екен.
Кошевое ауылына әбден сіңіскен жандардың бірі – Константин Пичугин. Ол қожалықтың жылқысын бағады. Бұл жұмыста тер төгіп жүргеніне 14 жылдан асқан. Еңбекқорлығының арқасында басшылықтың көңілінен шығып, алғысқа бөленіп жүр. Ең бастысы – жұмысына адал.
Келесі кейіпкеріміз – Иршат Хамсияров. Ол жастайынан ауылдағы МТМ-да токарьлық кәсіптің қыр-сырын меңгеруге ден қойған. Осы салада тәжірибелері мол тәлімгерлерінің сүйемелдеуімен темір жонуға әбден машықтанып алды. Еңбекті жасынан серік еткен Иршат қожалық жұмыскерлерінің қажеттi темiрлерiн жонып, ортақ iстiң алға басуына өз үлесін қосып келеді. Осындай еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің көңілінен шығып, алғыстарына бөленіп жүр.
Қаратай Исенұлы өмірлік серігі Бибігүл Айдарбекқызымен көңіл жарастырып, белді шаңырақ көтере білді. 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары білімді, білікті маман болып, бұл күндері жауапты қызметтер атқаруда.
Бибігүл Айдарбекқызының мектепте еңбек етіп келе жатқанына 32 жыл болды. Талай шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандырды. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған білікті ұстаз, тәжірибелі педагог шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру жолында бір сәтке де жалыққан емес.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттер автордікі
Свою карьеру он начинал именно в Карасуском районе (далее…)
В рамках государственной программы реализованы сразу несколько значимых проектов (далее…)
В регионе прошёл XXXVII областной фестиваль-конкурс народного творчества «Өнеріміз саған, Қазақстан!» (далее…)
Между райцентром и близлежащим селом опять ходит рейсовый автобус. (далее…)
Сельхозформирования Костанайского региона официально завершили уборку зерновых культур. (далее…)
В библиотечной гостиной прошла встреча ветеранов спорта и младой спортивной поросли. (далее…)
This website uses cookies.