Ауыл фельдшерінің айтары бар
Октябрь ауылының фельдшері Ләззат Күнтуарованың медицина саласында еңбек етіп жүргеніне жиырма жылдан асып барады.
Ол еңбек жолын Шымкенттегі жедел жәрдем станциясында бастаған. Кейін отбасының жағдайына байланысты Қостанайға қоныс аударады. Бүгінде Қарасу ауданы Октябрь ауылында фельдшер. Ақ халатты абзал жанның еңбек жолына шолу жасап, қазіргі қызметі туралы әңгімелемекпіз. Жауапты мамандық иесінің айтары да мол екен. Ләззат Күнтуарова Қызылорда облысы Шиелі ауданы Балаби ауылының тумасы. Туған жерінде білім алып, мектеп бітірген соң Қостанай қаласында тұратын әпкесінің қолына барып, аяқ киім фабрикасында жұмыс істейді. Одан әрі фабрика басшылығы жолдамамен Тараз қаласындағы технологиялық институтқа оқуға жібереді. Кейіпкеріміз жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандыққа онша бүйрегі бұра қоймайды. Ой түкпіріндегі дәрігер боламын деген арманы қайта лаулап, технологиялық институттағы оқуын бір жарым жылдан соң тастап кетеді. Ары қарай Тараз медицинкалық колледжіне түсіп, бала күнгі арманының соңынан ереді.
– Жастайымнан дәрігер боламын деп ойлайтынмын. Сол ой маза бермеді. Ақыры медициналық білім алдым. Тағдыр айдап Шымкенттегі жедел жәрдем станциясында алғашқы қадамымды жасадым. 7-8 жылдай еңбек етіппін. Тұрмысқа шығып, балалы болдым. Тоқсаныншы жылдары ел ішіндегі жағдай күрделі еді. Тоқырау жылдарының салқыны әр шаңыраққа өз әсерін тигізді. Сол уақытта жалғыз ағам жұмыс бабымен Қостанайға ауысты. Тиісінше, әке-шешем де Тобыл топырағына қоныстанды. Олардың артынан мен де келдім,-деді Ләззат Күнтуарова.
Кейіпкеріміздің әке-шешесі мен ағасы Қостанай ауданына қарасты бұрынғы Глазунов, қазіргі Айсары ауылына орналасқан екен. Өзі де сол ауылдың мектебіне медициналық қызметкер болып жұмысқа тұрады. Айсары мектебінде 15 жыл еңбек етеді. Қартайған ата-анасына қарайлап, біраз уақытын ауылда өткізген. Одан кейін қаладағы №115 мектепте, педагогикалық колледжде медициналық қызметкер болып жұмыс істепті.
-Айсарыда жүргенде балаларға екпе салып, жеңіл-желпі тұмауратқан бүлдіршіндерді емдейтінмін. Қалаға ауысып келгенде оның бәрі өзгерді. Қала мектептерінде қағаз толтырудан қол босамайтын. Тіпті қызуы көтеріліп тұрған баланың өзіне көмек көрсетуге болмайтын. Жедел жәрдем шақыруымыз керек. Талап солай. Маған мұндай түсінік ұнамады. Сөйтіп, 2017 жылы Қостанайдағы жедел жәрдем станциясына жұмысқа тұрдым. Екі-үш жылдан кейін коронавирус басталды. Коронавирустың кезінде тәулігіне 40-45 шақыртуға дейін баратынбыз. Күндіз-түні дамыл таппай, бір тәулікте 45 науқасқа қызмет көрсететінбіз. Демалуға бір күн уақыт береді. Басқа кезде жұмыстамыз, – дейді Ләззат Күнтуарова.
Кейіпкеріміздің Қарасуға келуі де мамандығына деген адалдығының бір көрінісі іспеттес. Ол жұмысын ерекше жақсы көреді. Бала күнінен дәрігер болуды қалады және сол жолмен аяңдап келеді.
– Қалада жұмыс істеп жүргенімде Қарасу ауданында бір фельдшер жетіспей жатқанын естідім. Оған қоса алыстағы Октябрь ауылына ешкімнің барғысы жоқ. Жастар о бастан ауылдан қашады. Мен көп ойланбай ауылға баруға бел байладым. Сол кезде балам да мектеп бітіріп, Қарағандыға мединститутқа оқуға кетті. Мен жалғыз қалдым. Қалада баспанам да болған жоқ. Соның бәрін таразылап, жедел жәрдем станциясының сол кездегі бас дәрігері Ирина Штейгервальдтың алдына барып, мені Октябрь ауылына ауыстыруын сұрадым. Бұл жер маған алғаш келген күннен-ақ ұнады. Қазақстанның кез келген ауылы жер жәннаты ғой. Кейде соның парқын түсіне бермейміз. Әттең, ауылдарда инфрақұрылымды дамытса, газ тартса ешкім қалаға кетпес еді, – деп сыр шертті.
Ләззат ханымның ұлы Олжас анасының жолын қуып дәрігер мамандығын таңдапты. Олжас бүгінде Қарағанды медициналық институтының 4-курс студенті. Кейіпкеріміз бос уақытында жас маман Инна Чупина есімді әріптесінің баласы Богданға қазақша тақпақтар жаттатып, мемлекеттік тілді үйретіп жүр. Оқуда жүрген Олжасын сағынғанда кішкентай Богданды бауырына қысып, сағынышын басып алады.
– Богдан деген балақай әріптесімнің перзенті. Анасы кейде аяқ астынан ауыр халде жатқан науқастарға көмек беруге кетеді. Кейде апталап оқуға болады. Сол кезде баланы мен алып қаламын. Богдан сондай тамаша бала. Адамды жатырқамайды. Мені «әже» дейді. Босқа отырмай баланы ойнатамын, ойы сергісін деп қазақша тақпақ үйретемін. «Аю отыр партадан…» деп басталатын тақпақтан бастап, жаңа жыл туралы түрлі тақпақтарды жаттаттым. Бала ғой, бірден қағып алады. Анасына тақылдап тұрып айтып береді. Мен негізі балаға жақынмын. Қостанайдағы жедел жәрдем станциясында жұмыс істегенімде балалар бригадасының құрамында болдым. Көбінесе мені үш жасқа дейінгі балалар науқастанып қалған жерге жіберетін. Ал Октябрь ауылында түрлі науқастарға көмек көрсетемін. Мұнда әсіресе жол көлік аппаттары жиі болады. Бригадада жалғыз фельдшермін. Жол көлік оқиғасы кезінде жарақат алған бірнеше адамға бір мезгілде көмек беруге үлгермей қаламыз, – дейді Ләззат Күнтуарова.
Жедел жәрдем қызметі аса ауыр әрі жауапты жұмыс. Әсіресе, шалғайдағы фельдшерлердің еңбегін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Кейіпкеріміз Ләззат Күнтуарова былтыр аяқ астынан толғағы қысқан бір келіншекті үйінде босандырып алыпты. Енді бірде шақыртумен барған үйдің иесі ішімдікке сылқия тойып алған. Көмекке келген дәрігерге қоқан лоққы көрсетпек болған. Абырой болғанда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі фельдшерді қорғап қалыпты.
Октябрь ауылының маңайында көлік апаттары жиі болады. Шамамен, 2023 жылғы 5 қыркүйекте Тімтуір ауылында көлік апаты болады. Бес адам жарақат алған. Бесеудің біреуі жедел жәрдем жеткенше қайтып кеткен. Аса ауыр жарақат алған бір әйел өлім мен өмір арасында арпалысып жатыпты. Қалған үшеуі де ауыр жарақат алған. Ішкі ағзасы езілген, жақ сүйегі сынған, бас сүйегі сынған дегендей. Сол сәтте ауыр жарақат алған төрт адамды бір көліктің кабинасына сыйғызу мүмкін емес. Ауылдағы жедел жәрдем қызметі екі рет қатынап ауыр жарақат алған төрт науқасты емханаға дер кезінде жеткізеді. Мұндай жағдайда барлық ауыртпалық жалғыз фельдшерге түспей ме.
-Фельдшердің жұмысы өте қиын. Жүрегі тоқтап қалған науқастарға шақырады кейді. Жалғыз фельдшер не істей алады ондай кезде. Кейде бізге көлік жүргізуші көмектеседі. Негізі ереже бойынша жүргізушіні бригада жұмысына араластырмауымыз керек. Оның медициналық білімі жоқ. Болашақта жүргізушілерді оқытып, парамедик ретінде білімін арттыру қажет деген ойлар айтылған.. Әзірге ол іске аспады. Октябрь ауылында көбінесе құсып, іші өтіп, қызулаған баларға жедел жәрдем шақырады. Ондай кезде төрт айлық бөпеден бастап 5 жасар балаға дейін асқазанын жуамын. Балаларды емдеу кезінде Қостанайдағы жедел жәрдем станциясында жинақтаған тәжірибем көп көмектесуде. Білмегенімді сол жердегі дәрігерлер И.Штейгервальд пен А.Абзалбекова есімді мықты мамандардан үйрендім. Сол кісілерге алғысым шексіз, – деді Ләззат Күнтуарова.
Кейіпкеріміз Ләззат Күнтуарова жиырма жылдық тәжірибесі бар жоғары категориялы фельдшер. Бүгінде Октябрь ауылында тұрып жатқан үй өзінікі емес екенін айтып қалды. Шалғай ауылдағы медицина маманы аядай болса да өзіне тиесілі бір баспананың болғанын қалайды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Для Гульнары Балгужиной вручение ключей стало событием знаменательным. (далее…)
В регионе побывала выездная комиссия в составе акима Костанайской области Кумара Аксакалова, вице-министра по ЧС…
За его «раскрутку» в ФОКе «Аламан» всецело отвечает молодой фитнес-тренер Батырхан Ермагамбетов. (далее…)
Власти же заявляли обратное и не хотели слушать людей,•об этом сообщает "ТоболИнфо" Село Новоселовка оказалось…
По архивным данным в период депортации в Карасуский район прибыли 3 602 человека, для их…
Два дня назад подтопление сельского кладбища у села Новосёловка было угрозой, сегодня, к сожалению, это…
This website uses cookies.