Білікті механизатор Марат Даньяров 970 тонна астық бастырды

Елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай бар. Жыл сайын мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп келеді.

Біздің ауданымыз аграрлы өңір болып табылады. Бидай және басқа да дәнді дақылдарды егу үшін 620,404 мың гектар жер пайдаланылады. Ауданда ауыл шаруашылық саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп жатыр. Мәселен, биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Молдахметов А.К.» және «Қанағат» шаруа қожалықтары 708 бас ұсақ мал сатып алса, «Еңбек-С» шаруа қожалығы 41 млн теңге несие алып, оған 50 бас симменталь тұқымды қашар сатып әкелді. Ал, егін егіп, қара жерден нәпақасын айырып отырған шаруаларға Үкімет тарапынан субсидия берілуде.

Қазіргі кезде ауданымызда ауыл шаруашылығын кәсіп еткен ірілі-ұсақты шаруашылықтар көптеп саналады. Ауданда ауыл шаруашылығы белсенді даму үстінде, аудан шаруагерлері оң нәтижелерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеді. Соның жарқын мысалының бірі – Амангелді ауылындағы «Қорғау» ЖШС-нің тындырымды тірлігі.

«Қорғау» жа­уап­кершілігі шектеулі серік­тестігі аудандағы іргелі шаруашылықтардың қатарында. Техникасы мол, қуаты ересен серіктестікте егін шаруашылығы мен мал өсіру қатар дамыған. Осыған сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, аудан экономикасының дамуына қосқан үлестері үшін де лайықты бағасын алуда.

Астық – ел ырыздығы. Егін егіп, мол өнім алу жолында жаз бойы төр төгетін диқандардың еңбегі ерен. Олардың басты мақсаты – еккен егіндерін ысырапсыз қамбаға құйып, елді нанмен қамтамасыз ету. «Нан болса, ән де болады» емес пе?!

Биыл «Қорғау» ЖШС 12 186 гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірген екен. Шыққан өнімді төкпей-шашпай жинап алды. Егістік алқабы 100 пайызға орылып, 7807 тонна астық бастырылды. Гектар берекелігі орташа есеппен 6,4 центнерден айналды.

Өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстырып, осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан жандар арамызда жетерлік. Сондай жандардың бірі – Марат Даньяров. Ол «Қорғау» ЖШС-де механизатор болып жұмыс істейді.

Марат Бекболатұлы 1979 жылы Амангелді ауылында дүниеге келген. 1995 жылы жергілікті орта мектепті бітірген соң, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеп келеді. Жалпы еңбек өтілі – 23 жыл. Еңбек жолын 1996 жылы қырманда қарапайым жұмысы болып бастайды. Кейін, яғни 1999 жылы «Қорғау» ЖШС механизатор болып жұмысқа орналасады.

– Содан бері осы серіктестікте механизатор болып еңбек етіп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жастайымнан осы салаға бет бұрдым. Қаншама жыл артта қалды. Көп нәрсе тәжірибе арқылы келеді екен. Жұмысыма әбден төселіп алдым, – дейді білікті механизатор.

Марат техниканы жақсы меңгерген. Көктемде егін ексе, күзде астық оруға қатысады, қыста малға азық тасиды және егіс алқабында қар ұстайды. Ол күндік жұмыс нормаларын асыра орындап, өзгелерге үлгі болып жүр. Айталық, биыл 930 гетар егістік алқаптың ылғалын жапты. Көктемгі науқанда 1500 гектар аумаққа егін ексе, күзгі жиын терім кезінде 970 тонна астық бастырды. Шөп науқаны кезінде 2200 тонна шөпті артып, маялады.

Жер-Анадан ризық-несібесін теріп, ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшылығы Амангелді ауылы тұрғындарының тіршілігі мен тұрмысына, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай ықпалын тигізіп келеді.

Міне, Марат Бекболатұлы еңбек сүйгіштігімен, жүктелген міндеттерді артығымен орындайтын қабілеттілігімен ерекшелене білді. Адал еңбек, маңдай тердің арқасында абырой-құрметке бөленіп, облыс-аудан әкімдерінің мақтау-марапатына да бөленіп үлгерген.

Жаңабай АХМЕТОВ

Редактор

Recent Posts

Прославленный артист Абдибек Божаков отметил 70-летний юбилей

Свою карьеру он начинал именно в Карасуском районе (далее…)

2 дня ago

В Карасуском районе продолжается реализация программы «Ауыл – Ел Бесігі»

В рамках государственной программы реализованы сразу несколько значимых проектов (далее…)

1 неделя ago

Карасуские самодеятельные артисты продемонстрировали своё мастерство

В регионе прошёл XXXVII областной фестиваль-конкурс народного творчества «Өнеріміз саған, Қазақстан!» (далее…)

1 неделя ago

Маршрут Карасу-Восток вновь стал действующим

Между райцентром и близлежащим селом опять ходит рейсовый автобус. (далее…)

2 недели ago

1/6 часть в областном зерновом каравае принадлежит карасуским аграриям

Сельхозформирования Костанайского региона официально завершили уборку зерновых культур. (далее…)

3 недели ago

Встречей-признательностью отметили День тренера карасуские спортсмены

В библиотечной гостиной прошла встреча ветеранов спорта и младой спортивной поросли. (далее…)

3 недели ago

This website uses cookies.