Жерлесіміз Владислава Кухта бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионы атанды
Ауданымызда спорт қарқынды даму үстінде. Өңір спортшыларының спорттағы қол жеткізген нәтижелері де ауыз толтырып айтарлықтай. Айталық, бүгінде ауданымыздың атағын облыстық, республикалық және әлемдік деңгейге асқақтатып, дүбірлі додалар да топ жарып жүрген спортшыларымыз аз емес. Солардың бірі – бокстан спорт шебері Владислава Кухта.
Жуырда Шымкент қаласында бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен болатын.
Жоғары деңгейдегі чемпионатқа әр аймақтан іріктеуден өткен мықты деген спортшылар қатысып, бақ сынады. Осы жарысқа Қостанай облысы атынан шығып, 57 келі салмақ дәрежесінде Владислава Кухта бокстан әйелдер арасында Қазақстан чемпионы атанды.
Жеңіске ұмтылған жерлесіміз үшін финалда оңай қарсылас жолыққан жоқ. Қарағандыдан келген Айжан Ходжабекова 2016 жылы бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Владислава тартысқа толы финалдық бәсекеде қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жанкүйерлерін тамаша жеңісімен қуантты.
Владислава ауданымызға қарасты Новопавлов ауылынан шыққан. Ол бокспен мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап айналыса бастады. Оған спортпен шұғылдануына бұқаралық спортты дамытып, жастарды спортқа тарту мақсатында ашылған ауылдағы «Арлан» спорт кешені мүмкіндік берді.
Міне, жерлесіміз тағы да бір дүбірлі додада ауданымыздың атын асқақтатып, мерейін үстем етті. Болашақта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне тілектестік білдіреміз.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттер Владислава Кухтаның жеке мұрағаты және Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты kfb.kz алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31