Жаңа мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Заман – білімдінікі. Ауданда білім саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға артып, бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде жас ұрпақтың заман талабына сай білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалып, мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.
Өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан білім саласына қатысты ілкімді жобалар жетерлік. Соның бірі – биыл Қарасуда бой көтеретін жаңа мектеп ғимараты. Бұл туралы бұған дейін де газетімізде жазған болатынбыз.
Қазір 320 оқушыға арналған білім ошағының құрылысы қарқынды жүруде. Аумағы 5 765 шаршы метр болатын мектеп құрылысына 1 285 918,93 мың теңге қарастырылған. Аудан орталығындағы Май зауыты көшесінің қиылысы мен Совхозный көшесінің қиылысында бой көтеретін мектептің құрылысына «Алюминстрой» ЖШС жауапты. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 2 кран, 8 текше метрлі миксер көлігі және басқа да арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін жылу қазандығы ғимараты бой көтеріп, 3 қазандық орнатылып, бұл бағыттағы жұмыстың 90 пайызы еңсерілді. Қазір жылу жүйесіне жылу құбырын тарту және су жүргізу жұмыстары жүзеге асуда. Тас қадаларды жерге басып енгізу жұмыстары 95 пайызға орындалды.
Монолит құю және тірек блоктарды құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы құрылыс жұмыстарына 90-ға жуық адам жұмылдырылған. Жұмысқа жергілікті тұрғындар да тартылған.
-Сырттан келген жұмыскерлер тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарын 8 айда аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді құрылыс объектісінің басшысы Азамат Омаров.
Мектептің бас жоспарда жүгіру жолдары, футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары бар дене шынықтыру-спорт аймағы, оқу-тәжірибе станциясы, мектеп бақшасы, 0-4 сыныптардың демалуына арналған аула, негізгі кіреберістің алдындағы мерекелік алаң, 5-8 сыныптардың тыныш ойын алаңы қарастырылған.
Жаңабай АХМЕТОВ
Сурет автордікі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31