
Тағдыр табыстырған жұп
Итесовтар шаңырағында отбасы құндылығы бірінші орында
Қазір барлық аудан, қалаларда «Мерейлі отбасы» байқауының алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде жеңіске жеткен қатысушылар облысқа жолдама алады. Біздің ауданда Итесовтар отбасы бақ сынауда.
Мақта мен Вахит Итесовтарды тағдыр қосқан жұп десек қателеспейміз. Екеуі де Қамысты ауданының тумалары. Мақта 4-сыныпта оқып жүрген кезінде үй ішімен Қамыстыдан көшіп кетеді. Ал Вахит туған жер топырағында өсіп, ер жетіп, қызмет етеді. 2012 жылдың жаз мезгілі. Ол кезде Мақта мектеп оқушысы. Жазғы демалыста туған жері Қамыстыға қыдырып барады. Ал Вахит колледж студенті. Екеуі танысып, алғашқы кездесуде бірін-бірі аса ұната қоймаған. Одан кейінгі екі жыл ішінде кездейсоқ, бірнеше мәрте тағы да жүздесіп, арадағы ерекше байланысты сезеді. 2014 жылы Мақта мектепті үздік бітіріп, Мәскеудегі «Экономика жоғары мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің «Жарнама және қоғаммен байланыс» мамандығына оқуға түседі. Ал Вахит әскерге аттанады. Екеуі екі жақта жүрсе де хабарласып, хат алмасып, арадағы байланысты үзбейді. Мақта бала күнінен алғыр болып өскен. Мектепте үздік оқушы атанып, студент кезінде де белсенділік танытады. Студенттер арасындағы қазақстандық клубты басқарып, атаулы шәкіртақыға ие болады. Сонымен қатар Ресейдегі Қазақстан елшілігінде жұмыс істеген. 2018 жылы елшіліктегі қызметі мен магистратурадан бас тартып, Қазақстанға оралады. Осылайша екі жас қол ұстасып, өмір белестерін бірге еңсеруге сөз байласады.
– 2019 жылғы 19 наурызда таңертеңгілік неке қию туралы куәлік алдық. Алғашында некемізді 22-наурызда әдемі датаның құрметіне орай тіркейік деп ойлағанбыз. Наурыз мейрамы демалыс күнге сай келіп, некеміз 19-наурызда тіркелді. Ал үйлену тойымыз 2019 жылғы маусым айында өтті,-деді Мақта Итесова.
Кейіпкерлеріміздің екеуі де бір-бір үйдің жалғыз балалары. Сол себепті көп бала сүйіп, береке-бірлігі жарасқан үлкен отбасы болуға сөз байласады. Бүгінде ерлі-зайыптылар төрт баланың ата-анасы. Тұңғыштары Мейсар есімді батыр 2019 жылғы қыста дүниеге келген. Одан кейін Асмира және Мирсаль есімді ханшайымдар өмірге келді. Былтыр Эмирали есімді атұстар дүние есігін ашты. Осылайша екі ұл, екі қызды тәрбиелеуде.
– Біздің үйде ұлдар өте белсенді әрі бұзық. Ал қыздарым ерке. Мысалы біздің Асмира өте тәртіпті бала. Тілі де ерте шықты. Біз оны ақылды аристократ дейміз. Кішкентай бөпелерін ойнатып, ойыншықтарды жинап, жан-жағына қарайласып жүреді. Ал Мирсаль тентек әрі нәзік, еркетотай. Үлкен ұлым Мейсар бауырларының қамқор ағасы. Балалар өмірге келгелі үйімізге әр кіріп, жылулық орнағандай,-деді Мақта Итесова.
Бүгінде отағасы Вахит Итесов құқық қорғау қызметінде абыройлы еңбет етіп жүр. Ол Қарасу аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция капитаны. Шаңырақтың ұйытқысы, отанасы Мақта Аманжолқызы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп, бүгінде бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан.
– Жарты жылдан бері балалар үйде, балабақшаға бармайды. Сондықтан бала күтімімен өзім айналысамын. Таңғы астан бастап, кешкі асқа дейінгі аралықта балалардың күн тәртібін қатаң қадағалаймын. Ұялы телефон, гаджеттерді көп бермеуге тырысамыз. Керісінше, балалардың асыр салып, бір-бірімен ойнағаны дұрыс. Бала күтіміне жолдасым да көмектеседі. Жұмыстан келе сала ұл-қыздарын ойнатып, еркелетеді. Ұйықтар алдында ертегі айтып, барынша балаларымыздың бойына игі-жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысудамыз,-деді Мақта Аманжолқызы.
Бала тәрбиесі жауапкершілігі мол жұмыс. Оған ата-ананың екеуінің де үлес қосқаны абзал. Әркім өз перзентін үлгілі, өнегелі, білімді болғанын қалайды. Сол себепті қолынан келгенше бар жақсыны баласына беруге тырысады. Біздің кейіпкерлеріміз де осы ойды айтады.
-Балаларды ең алдымен үлкенге құрмет көрсетуге үйретудеміз. Біз аналарымызды ерекше қадірлейміз. 72 жастағы әжеміз бар. Ол кісі шөберелерін қатты жақсы көреді. Аналарымызға барып, хал-жағдайларын сұрап тұрамыз. Ол кісілер де бізді көріп қуанып қалады, ақ батасын береді. Біздің үйде отбасы құндылығы бірінші орында тұр. Мен шаңырақ шаттығы үшін мансаптан бас тартқанмын. Ер жігіт түздің адамы, ал әйел үйдің берекесіне жауапты,-дейді отанасы.
Жарасымды жұп өзара түсінісу арқылы төрт баланы тәрбиелеп, замандастарына үлгі болуда. Олар «Мерейлі отбасы» байқауы туралы 2019 жылдары естіпті. Ол уақытта Мақта ханым Қамысты аудандық жастар ресурстық орталығының директоры-тын. Сайыстың аудандың кезеңін ұйымдастыруға үлес те қосқан. Ал байқауға қатысу туралы ойды жолдасы Вахит Итесов бастапты. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі қолдап, ұлттық байқауда бақ сынауға шешім қабылдады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері тұрақты өтеді. Сайыстың бірінші кезеңінде аудан бойынша үлгілі отбасылар іріктеліп, үздігі облысқа жолдама алады. Ал облыстық кезеңнің жеңімпазы республика бойынша өтетін ұлттық байқауға қатысады. Сайыстың аудандық кезеңін “Жаңашыр бол” қоғамдық қоры «Отбасылық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу” жобасы аясында “Қарасу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі” мекемесінің қолдауымен жүзеге асыруда.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Подпись к фото: Вахит пен Мақта Итесовтар «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуда
Суретті мақала кейіпкері жолдады
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31