Су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Міне, көктем де бел ортасынан асты. Күн жылынып, сай-сала суға толып, қара жер біртіндеп дегдіп келеді. Өзен арнасында сең қозғалып, мұз көбесі сөгілетін шақ осы. Бұл уақыт өзендерді жағалай орналасқан елді мекен тұрғындары үшін қауіп туғызатыны жасырын емес
Қамданған қапы қалмайды. Қоғамда тілсіз жау ретінде бағаланған су тасқынының алдын алу мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі көктемгі су тасқыны жұмыстарына жылдағыдан ертерек қамданып, көктемгі қауіп-қатерге қарсы дайындық жұмыстарына алдын ала кірісіп кеткен болатын. Алдымен қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендердің жеке тұрғын үйлерін аралап, тұрғындарға көктемгі су тасқыны кезіндегі іс – әрекеттерінің қағидалары жазылған парақшалар таратты. Облыстық ТЖД, полиция департаменті мен жергілікті атқару органдарының өкілдері және «NIKSIT» серіктестігінің мамандарының қатысуымен өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Көктемгі су тасқыны кезінде Тінтуір өзенінен келер қауіп жоғары. Былтырдың өзінде бұл өзен арнасына симай тасып, жағасын жайлаған халықты әуре-сарсаңға салған болатын. Сондықтан осы өзенге іргелес орналасқан Қарамырза ауылы ерекше бақылауға алынған. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жергілікті атқарушы билік және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеп, апаттың алдын алу мақсатында нақты жұмыстар атқарды. Айталық, Қарамырза ауылынан 2 шақырым жерде Тінтуір өзенінің екі жерінен үйілген топырақ эксковатормен ішінара алынып тасталды. Қазылған ордың ұзындығы 2 метр, ені 6 метр, тереңдігі 4 метр болады. Бұл су ағынының өзен бойымен кедергісіз өтуі үшін жасалған әрекет. Бұдан бөлек, даланың бос жерлерімен әрі қарай судың Түнтуір көліне өтуі үшін Түнтуір өзенінен (ұзындығы – 6 м, ені – 2 м, тереңдігі – 0,5 м) өткел ашылды. Бұл жұмыстардың ойдағыдай іске асуына техникамен көмек берген – «Рамазан-Қарасу» ЖШС.
Апат айтып келмейді. Су тасқынын болдырмау үшін барлық әзірлік жұмыстарын жүргізіп, табиғаттың тосын апатына тас-түйін дайын болуымыз керек.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттерді ұсынған төтенше жағдайлар бөлімі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31