Соғыс ардагері Оспан Ысқақұлы жайында толғаныс
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ақын Қасым Аманжолов ақын жырлағандай, күркіреп өткен, қаншама адамды шалғындай жапырып, дүниені астаң-кестең еткен, бес жыл бойы, дәлірегі 1418 күн, 1418 түн талайды қар жастандырып, мұз төсендірген сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл – 76 жыл
Екінші жаһандық соғыста бақилық болған ардагерлерімізге тағзым етіп, оларды әрдайым естен шығармау, ал арамызға аман есен оралып, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан майдангерлерге барынша жағдай жасау барша қазақстандықтың айнымас парызы болуы керек.
Бүгін мереке қарсаңында сондай ер жүрек майдангер, абыз ақсақал Ысқақов Оспан Ысқақұлы туралы кеңірек тоқталуды жөн көрдік. Оспан Ысқақұлы 1913 жылы Куйбышев (Шолактерек) атындағы ұжымшарда туған. Сол ауылдағы бастауыш мектептің екі сыныбын бітірді. Бірақ, сол бала Оспанның оқуын ары жалғастыруға мүмкіндік болмады. Есейе келе ол жүргізуші білімін алып шықты. Сол кезде аталмыш ауылда тек екі жүргізушісі болыпты. Кейін кәмелеттік жасқа толғанда аяғни 1939 жылы Қиыр Шығысқа әскер қатарына алынған. Сол жылы КОКП партиясының мүшесі атанады.
«Атамыз борышын өтеп болған соң Отанына оралмай, 1941 жылы 18 шілдеде екінші танк полкіне әскери қызметке шақырылды. Кейін үшінші Украин майданына ауыстырылып, қатардағы гвардия сарбазы атанады. Майданда «Катюша» әскери машинасында тізгіндеп, Украина, Болгария, Венгрия, Австрия, Польшадағы соғыс қимылдарына қатысқан.
Болгарияда жау қоршауынан шығарда ауыр жарақат алды. Ол сол сәтте көлік тізгіндеп келе жатқан екен. Снаряд жарқыншақтары қолына түсіп, жарақаттанған. Сол майдан даласында алған жарақаттың сызаты оңың қолында өмір бойы қалды. Сондай-ақ соғыс кезінде өлім ауызынан да қалыпты. Оспан ата 1945 жылы 17 қазанда майданнан оралады»,- деп еске алады ұрпағы Айгүл Бұргебаева.
Ол фашистер басып алған қалаларды азат етті. Сол үшін келесі медальдармен мараптталған. Атап айтар болсақ, 1945 жылдың 13 сәуірінде «Венаны алғаны үшін» медалімен; 1941 жылдың 13 ақпанында «Будапештті басып алғаны үшін» медалімен, 1944 жылдың 8 қыркүйегінде және 1945 жылдың 1 қыркүйегінде соғыс кезіндегі « Ерлігі үшін» екі медальмен, 1945 жылдың 18 мамырында «Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1996 жылы «Кеңес Одағының маршалы Жуков медалі», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Соғыстан соң аман сау үйіне оралып, жергілікті өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмыс істеді. 1950 жылы Мариям Қалдыбайқызымен шаңырақ көтеріп, көпбалалы отбасы атанды. 1974 жылы 27 желтоқсанда зейнетке шықты. Ақсақал Айдарлы ауылын 35 жыл мекен етті. 1998 жылы 85 жасында өмірден өтті.
« Әкем бала кезінде Қостанай қаласында тұрыпты. Бірақ ашаршылық кезінде олар Шолақтерек ауылына көшіп келген. Өйткені өзен жағалағанның өзегі талмайды дегендей осы ауылда шағын көл бар екенін білген. Көлдегі балықтың арқасында әкем мен бауырлары аштықтан аман қалды. Өмірде менің әкем тұйық, өте мейірімді және әділ болды.
Ол белгілі дәрежеде барлық әскери адамдар сияқты қатал болды. Ол әрқашан бәріне көмектесуге тырысты және өмірдегі кез-келген кішкентай нәрсеге риза болды. Әрине, соғыста басынан өткергендердің бәрінен кейін ол өмірдің қадірін түсініп, әр күнін әрдайым есте сақтауға және оған ризашылық білдіруге тырысты.
Әкем бала кезімізден өмірдегі заттардың құндылығын білуді үйретті. Ол ешқашан еденде нанның қоқымының шашылып жатуына жол бермеді. Әкенің сүйікті мерекесі – 9 мамыр. Жыл сайын біздің отбасымыз осы мереке күні ата-анамыздың үйіне жиналамыз. Бұл біз үшін өте маңызды және айтулы дата.
Соғыс тарихы жайында мен әкемнен естіген мұндай әңгіме есімде қалыпты. Олар кесілескен майдан даласында елін қорғау үшін көп жағдайда көз ілмеген күндері болыпты.
Жауынгерлердің бірі жолда ұйықтап кетсе қасындағы екеуі оны қолтықтап алып сапарларын жалғастырыпты. Осылай орындарын өзгертіп жүріп келе жатып демалыпты. Менің әкем жүргізуші ретінде әйгілі «Катюшаныда» тізгіндеген.
Бірде кездейсоқ көлігінен түсіп кеткен сәтте снарядтар машинаға түсіп, осылайша тірі қалды. Бірде ол жол бойында офицерді алып келді. Ол қоштасып тұрып әкеме қартайғанға дейін өмір сүретінін және үлкен отбасы болатынын айтыпты.
Әрине, әкем оның сөзіне күле жауап беріпті. Өйткені ол соғыста кез-келген уақытта өмір үзілуі мүмкін ғой.
Арда ұзақ жылдар өткен соң, әкем бұл кездесуді есіне алып, бәрі орындалғанын түсінді. Әкем кіндігінен тараған тоғыз баласы бар үлкен тату отбасы болды және ол бақытты өмір сүрді. Жалпы, әкем соғыс туралы аз айтатын. Ол бұл қасіреттерді еске түсіруді ұнатпады.
Біз керемет, батыл және сүйікті атамызды есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз», -дейді қызы Айгүл Бұргебаева.
Мешіт Ғазизұлы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31