Шағын футболдан ашық аудандық турнир өтті
Железнодорожный ауылында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жыл өткен сайын жаңа спорттық кешендер салынып, ескі нысандар жөндеуден өтіп, жергілікті билік пен кәсіпкерлер тарапынан бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Соның айқын бір дәлелі – биыл Железнодорожныйда «Железнодорожное АМФ» ЖШС директоры Максим Артемуктың демеушілігімен бой көтерген «Триумф» спорт кешені. Жаңа заман талабына сай кешеннің жалпы аумағы – 1440 шаршы метр. Кешеннің айналасы абаттандырылған, балаларға арналған ойын алаңы, волейбол, футбол және басқа да ойнайтын алаңдар бар.
Жуырда осы алаңда Қадиша Ахметованы еске алуға арналған шағын футболдан ашық аудандық турнир болып өтті.
Бұл жарысқа барлығы 4 команда қатысты. Атап айтсақ, Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кенті, Сарыкөл ауданы, СҚО Ғ.Мүсірепов ауданының Новоишимка ауылы және Октябрь ауылдық округінің командасы.
Спорттық шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды жүйелі түрде спортқа және дене шынықтыруға тарту.
Жарыс өте тартысты өтті. Барлық командалар жақсы дайындықпен келгендерін көрсете алды.
Ойын барысында Құсмұрын кентінің аяқдопшылары тыңғылықты әзірлікпен келгендерін байқатты. Нәтижесінде, барлық қарсыластарынан басым түскен құсмұрындықтар турнир жеңімпазы атанды. Сарыкөлден келген команда жүлделі екінші орынды иеленсе, октябрьлықтар үздік үштікке ілікті.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар мадақтама қағазы, кубок және медальдармен марапатталды.
Осындай спорттық шаралар саламатты өмір салтын насихаттап, тәжірибе алмасуға және өзара достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Жаңабай АХМЕТОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31