Рамазан айын үйде қарысы алыңыз
Мешіт есігі жабылғанымен, сауап есігі жабылмайды дейді Қарасу ауданының бас имамы Халық қажы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Карантин жағдайындағы Рамазан» тақырыбында арнайы баспасөз конференциясын өткізді.
Тікелей эфирде өткен баспасөз конференциясына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров та қатысты.
Бас мүфти барша қауымды исі мұсылманның ұлық айы – Рамазанның келуімен құттықтап, әр отбасына бақыт пен береке, бірлік пен татулық тіледі. «Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болатынын тілге тиек етті.
«Осы ретте барша отандастарымды көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге, еліміздегі мешіттер арқылы аузы берік отандастарымызға ауызашар тағамдар таратуға шақырамын! Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Баспасөз конференциясында наиб мүфти Ершат Оңғаров ҚМДБ Төралқа мәжілісінде пітір садақасы мөлшері 370 теңге болып бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар зекет пен пітір садақасын онлайн режимде беруге болатынын жеткізді.
«Өздеріңіз білесіздер, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Әрине, бұл – уақытша сынақ. Алайда жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы.
Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет). Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі
Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Төтенше жағдайға байланысты жұқпалы індеттің алдын алу үшін мешіттерде жұма, тарауық, күнделікті жамағат намаздары уақытша оқылмайды. Сонымен қатар, мешіт пен қоғамдық орындарда ауызашар берілмейтін болды.
Осы орайда аудандық мешіт жамағаты мен мұсылмандар қауымын сабырлыққа шақырамын. Қазіргі таңда жоғарыда аталғандай пітір-садақаны онлайн түрде капий баніктің қосымшасы арқылы төлеуге болады. Ал, ондай мүмкіндігі жоқ адамдар үшін барлық талаптарды орындап, мешіттің сыртында пітір қабылдайтын орындар ұйымдастырып отырмыз», – дейді аудандық мешіттің бас имамы Халық қажы.
Оның сыртында ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың қатысуымен «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. Бұл жоба үйден шықпай, маңызды әрі ғибратты тақырыптар төңірегінде білікті дін қызметкерлері мен ғалымдардың насихатын тыңдауға мүмкіндік жасайды.
«Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз.
Сондықтан карантин күндері: 1. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге; 2. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату; ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру; б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б» деп атап Халық қажы.
Мешіт Ғазизұлы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31