
Отызбай Ищанов туралы білеміз бе?
Адамзат тарихындағы ең қасіретті оқиға – екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр.
Арада осыншама мезгіл өтсе де сұрапыл соғыстың тартқызған залалы мен зардабы, әкелген қайғысы мен қасіреті санаға өшпестей із қалдырды. Майдан даласында көзсіз ерлік көрсеткен, тылда жанқиярлықпен еңбек еткен ардагерлер туралы деректер әр отбасының жеке мұрағатында сақтаулы. Сондай маңызды мәліметтердің бір парасын бүгінгі мақаламызда тарқатпақпыз.
Суреттегі кейіпкеріміз Сәлима Ищанова Қарасу ауданындағы Қозыбай ауылының тумасы. Қырық бес жыл математика пәнінен сабақ берген ардақты ұстаз. Соның жиырма бес жылында Тімтуір ауылында еңбек еткен. Бүгінде Екібастұз қаласында тұрып жатыр. Педагогика саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, құрметті зейнеткерлікке шыққан. Сәлима апайдың әкесі Ищанов Отызбай Алтынбекұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер, күрескерлігімен көзге түскен майдангер. Батыр атамыздың есімі қолымыздағы тарихи деректерде жазылған. Газетіміздің мерекелік саны әзірленіп жатқанда кейіпкерімізге телефон арқылы хабарласып, майдангердің өмірдерегі мен алған марапаттары туралы дерек-дәйектерге қанық болдық.
Майдангер Отызбай Ищанов бұрынғы Тімтуір совхозында ғұмыр кешкен. Бар өмірін еңбекке арнаған жан. Трактор айдап, темір ұстасы ретінде жұмыс істеген. Жергілікті электрмен жабдықтау бөлімінің басшысы да болған. Әртүрлі жұмысты шын ниетімен атқарып, ауылдың алғысын алған азамат. Майдангер 1939 жылы Қозыбай ауылынан әскерге шақырылып, ары қарай майдан даласына аттанған. Сол кеткеннен 7 жылдан соң, соғыс біткеннен кейін үйіне аман-сау оралыпты. Майдан шебіндегі жауынгердің жолы қай арнаға барып түйіспеді деңіз. Қалың әскермен бірге Еуропа елдерінің жартысын шарлап, Берлинге дейін барған. Шайқастағы ерлігі үшін көптеген медальдармен наградталған. Мәселен, «Ерлігі үшін», «Германия түбіндегі Жеңісі үшін» медальдары бар. Оның бәрі жауынгер ұрпағының отбасылық архивінде сақтаулы. Батырдың соңғы марапаты «Қызыл жұлдыз» ордені «Жеңістің 50 жылдығына орай» тағайындалған. Өкінішке қарай, мұндай жауапты марапатты майдангердің өз қолына тапсыру мүмкін болмапты. Елу жыл күткен орден батыр атамыз қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң ғана, оның қызы Сәлимаға табысталыпты. Мұндай марапаттың тағы қаншасы мемлекеттік мұрағатта сақталғаны белгісіз. Ең бастысы, бейбіт заман үшін денсаулығы мен өмірін қиған жандардың ұрпақтары ерте ме, кеш пе, олардың ерліктерін білері сөзсіз. Себебі ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Соғыс жауынгерлері мен ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. От пен оқтың ортасында жүріп ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ерлер кез келген марапатқа лайықты. Онсызда көзі тірі майдангерлердің қатары азайды. Басым көпшілігі әлдеқашан келместің кемесіне мініп, бақилық болып кеткен. Әр облыста бірең-саран көзі тірі майдангер қалды. Сондықтан, жеңіс жауынгерлерін еске алып, тағзым етіп отырсақ әбестік болмас.
-Менің әкем екі ағайынды. Ағасы Тұрғынбек денсаулығына байланысты соғысқа қатыспаған. Атам Алтынбектің інісі Рақымбек соғысқа қатысыпты. Алайда, ол кісінің артынан «із-түзсіз жоғалды» деген қағаз келіпті. Ал әкем Отызбай майдан даласынан жеңіспен оралды. Әкем өте мейірімді, әзілқой кісі еді,-деп еске алады Сәлима Ищанова.
Жеңіс жауынгері Отызбай ата шаңырақ көтеріп, аяулы жарымен бірге алты баласын өсіріп жеткізген. «Ұлын – ұяға, қызын – қияға» қондырып, ұрпағының қызығын көріп кетті. Олардың әрқайсысы қазір отбасын құрып, бір-бір үйдің иесіне айналған. Бәрі түрлі салада еңбек етіп, әріптестерінің сый-құрметіне бөленуде. Атамыздың балаларынан 8 немере-жиен, 18 шөбере тарады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген дана халқымыз. Отызбай атаның ұрпағы барда майдангердің есімі ешқашан ұмытылмайтынына сенімдіміз.
Мақала жазу барысында кейіпкеріміз «майдангердің есімін ұмытпай, жаңғыртып, жатқандарыңызға рахмет» деп редакция ұжымына алғысын білдіріп жатты. Бейбіт заман үшін басын қатерге тіккен батырларымыздың есімі мен ерлігін ұлықтау біздің перзенттік парызымыз деп білеміз. Өйткені, ер есімі – ел есінде мәңгі қалады.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде тойланбақ. Қазірдің өзінде ауылдар мен аудан орталықтарында «Жеңіс лентасын» тағу акциясы жүріп жатыр. Елордасы Астанада ауқымды әскери шеру өтіп, аймақтарда жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырылады. Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қоса алғанда, 42 мың адамға естелік медаль табыстау жоспарланған.
Біздер, бейбіт заманның балалары, бүгінгі жарқын болашағымыз үшін майдангерлерге шексіз қарыздармыз. Әр шаңырақтың өткеніне сызат түсірген сұрапыл соғыс ешқашан болмасын.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті Сәлима Отызбайқызы жолдады
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31