Мектептегі шағын орталықтың бүгінгі тынысы
Ауданымыздағы перспективасы бар, жылдан-жылға әлеуеті артып, ілгері дамып келе жатқан ауылдардың бірі – Комсомол ауылы. Бұл елді мекен Ильичев ауылдық округінің орталығы саналады. Қазіргі күні еңсесі биік іргелі ауылдың өткені мен бүгінгісін мүлдем салыстыруға келмейді. Ауыл жыл сайын ажарланып, көркейіп, көріктеніп келеді. Оны ауыл ішіндегі заман талабына сай жөндеуден өтіп, бой түзеген тұрмыстық нысандардың сыртқы көріністерінен-ақ аңғаруға болады.
Жалпы ауылда қай бағытта болса да қолға алынған ілкімді істер жетерлік. Айталық, ауылды облыстық маңызы бар күре жолмен байланыстырып тұрған кірме жолға бүгінде жаңа асфальт төселу үстінде. Ауыз су мәселесі де тұрғындар үшін өзекті мәселенің бірі болып келген еді. Алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешімін таппақ.
Міне, біртіндеп өсіп-өркендеп жатқан Комсомол ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуантады. Елді мекенде әсіресе, егін шаруашылығы жақсы дамыған. Жергілікті халық ырыздық-несібелерін Жер-Анадан жинап-теріп, күнделікті нәпақаларын тауып отыр. Мал шаруашылығы саласы да тұрақты түрде дамып келеді. Ауылдың әлеуетін жақсартуға жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып жатыр. Олар ауылдың ахуалын жақсарту үшін қомақты қаржы бөліп, ауқымды істерге үнемі демеушілік көмек көрсетіп отырады.
Әлеуметтік нысандар – әл-ауқаттың көрінісі. Комсомол ауылында әлеуметтік сала ерекше қамқорлыққа алынған. Мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет үйі және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар бүгінгі талапқа сай жөндеуден өтіп, халыққа қызмет көрсетуде.
Ауылдағы қасиетті орданың бірі – алтын ұя мектеп.
Бүгінде жас ұрпақ жан-жақты білімді болып өсуі қажет. Ол үшін білім ошақтары бекітілген стандарттарға сай жабдықталуы тиіс. Ильичев орта мектебінің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оқушылар күрделі жөндеуден өткен мектепте білім алуда. Бір сөзбен айтқанда, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына қажетті жағдай барынша жасалып жатыр.
Біз бүгін Ильичев орта мектебі туралы емес, сол мектеп жанындағы шағын орталықтың бүгінгі жай-жапсары, қызыққа толы өмірі жайында сөз қозғауды жөн көрдік.
Жақында жолымыз түсіп, Комсомол ауылына барып қайтқан едік. Сол сапарымызда шағын орталыққа арнайы ат басын бұрдық.
Бізді орталық ұжымы құшақ жая қарсы алды. Орталықтың тыныс – тіршілігімен танысуға келгенімізді түсінген соң, тәрбиешілер емен – жарқын әңгімеге көшіп, орталықтың ашылған уақытынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жасалған жұмыстарды рет-ретімен баяндап берді.
Сонау Кеңес үкіметі кезінен бастап 90-шы жылдардың орта шеңіне дейін Комсомол ауылында «Малышка» атты балабақша жұмыс істеп тұрған екен. Өкінішке қарай, бөбекжай 90 жылдардың тоқырау кезеніне төтеп бере алмай, жабылып қалған көрінеді. Еліміз әлеуметтік-экономикалық қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастап, дамудың даңғыл жолына түскен шақта әлеуметтік саланың жағдайын көтеруге барынша көңіл бөліне бастады. Маңызды саланың тамырына қан жүгірген тұста Ильичев орта мектебі жанынан жарты күндік шағын орталық ашылды. Бұл – 2006 жыл болатын. Кейін балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мақсатында «Балапан» бағдарламасы әзірленіп, еліміздің түпкір-түпкірінде балабақшалар мен шағын орталықтар ашыла бастады. Осы уақытта атқарушы билік пен жергілікті шаруа қожалықтардың бірлесіп әрекет етуінің арқасында Ильичев орта мектебі жанынан ашылған орталық толық күндік шағын орталыққа айналды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен орталықтың материалдық базасы жаңартылып, толық күрделі жөндеуден өтті. Содан бері орталық ел игілігіне жарап келеді.
Жататын, оқу-тәрбиелік, ойнайтын бөлмелер мен басқа да бөліктерден тұратын орталық ішінде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Біз бәрінде өз көзімізбен көрдік. Кіре берістен-ақ байқағанымыз, орталық іші мұнтаздай тап-таза. Әртүрлі материалдан жасалған қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Сан алуан пішіндегі түрлі бұйымдар дәлізден бастап лық толы. Құды бір көрмеге келгендей әсер аласың. Әр бұйым өзіндік әсемдігімен таң қалдырады, құрылымымен де ерекшеленеді.
Орталықта ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған. Қолөнер бұйымдары ата-аналар мен бүлдіршіндер, тәрбиешілердің бірігіп жұмыс істеуінің арқасында туындаған. Әр мереке сайын орталықта ертеңгіліктер өткізіліп тұрады. Ұйымдастырылған іс-шараларға ата-аналар белсенді қатысып, мерекелік костюмдерді тігуді де өз мойындарына алған.
Бүлдіршіндер орталыққа өздеріне ыңғайлы кімді киіп келеді. Өйткені сабақтар мен үйірмелердің басым көпшілігі ойын түрінде өтеді. Ол үнемі қимыл-қозғалыста болуды талап етеді.
Орталықта қазір санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуымен 2 жастан 5 жасқа дейінгі 20 баладан тұратын кіші топ тәрбие алуда. Топтың аты – «Смешарики».
Ойын ойнауға арналған бөлмелері де балақайларға өте қолайлы болып жасақталған. Қажетті құрал-жабдықтар да жеткілікті. Мұнда бүлдіршіндер белгілі бір тәртіпке, өзін ортада ұстауға үйренеді. Күні бойы түрлі іс-әрекетте болып, сабақтарға қатысып, қоршаған ортамен танысады.
– Балалар орталықта 3 мезгіл тамақтанып, түрлі ойындар ойнап, серуенге шығады. Негізгі бағытымыз – балалардың денсаулығын нығайту, оларды қорғау және тәлім-тәрбие беру. Сондықтан да балалардың жан-жақты дамуы мен дене тәрбиесіне көбірек көңіл бөлеміз. Тәрбиеленушілер әрбір күнін таңертеңгі жаттығудан бастап, өзін-өзі, қоршаған ортаны тану, әдебиетпен танысу, қарапайым математикалық ұғымдармен танысу, сурет алу, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеу мақсатындағы түрлі сабақтарға қатысады, – дейді тәрбиеші Елена Мишко.
Елена Валентиновна осы ауылдың тумасы. Кейіпкеріміз 10 жылдық мектепті бітірген соң, Қостанай педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Білім ордасында «балабақша тәрбиешісі» мамандығы бойынша білім алып, 1988 жылы туған ауылына оралады. Мұнда жергілікті балабақшаға жұмысқа орналасып, сөйтіп, тәлімді де тағылымды тәрбиешілік еңбек жолы басталады. Оның бұл салада тапжылмай қызмет атқарып келе жатқанына, міне, табаны күректей 33 жыл болды. Оны көп жылғы еңбек өз ісінің шебері, оқу-тәрбиелік ісінің майталманы етті. Еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. 2018 жылы «Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мен жетілдірудегі табысы, жоғары кәсібилігі мен мамандығына деген адалдығы үшін» мадақтама қағазымен, 2019 жылы аудандық деңгейдегі мұғалімдер күніне арналған салтанатты шарада алғыс хатпен марапатталды. Бұдан да басқа мақтау-марапаттары жетерлік.
Шағын орталықта бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып, өзінің белсенділігімен ерекшеленіп, өз мамандығына шын берілген Жұлдызай Цыкалова да жемісті еңбек етіп келеді. Ол да осы ауылдың тумасы. Кәсіби білікті, білімді маман. Қостанай педагогикалық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша тәмамдаған. 2005 жылдан бері жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне араласып, бүгінде табысты жұмыс атқарып келеді
– Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан да бұғанасы енді қалыптаса бастаған жас жеткіншектер бойына бүгінен бастап адамгершілік, инабаттылық қасиеттерін сіңіру қажет. Бұл бағытта біздің орталық ұжымы талмай еңбек етіп келеді. Олардың бәрі өз ісіне берілген, баланы бар жан-тәнімен түсініп, жылуын, мейірімін, сүйіспеншілігін бере алатын жандар. Орталықта бүлдіршіндерді қызықтыру үшін барлық жағдай ойластырылған. Оқу-тәрбиелік бөлме іші бірнеше аймаққа бөлінген. Әр аймақ балаларға қызықты болу үшін түрлі қажеттіліктерге жарайтын материалдардан жасалып, әрленген. Интерактивті тақта бар, – дейді өз тәжірибесімен бөліскен Жұлдызай Бақытжанқызы.
Айта кетерлігі, аталған орталық 2010 жылы аудандық деңгейде «Үздік шағын орталық» атағына лайық деп танылды.
Бүлдіршіндерге саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында еңбек етіп жүрген шағын орталық ұжымының еңбегі орасан зор. Олар кішкентай «патшалардың» көңілінен шығу үшін барын салып бағуда. Бұл жүйелі жұмыс болашақта аталған ұжымның бағындырар белестерінің әлі де биіктей берерің дәлелдеп тұр.
Жалпы Комсомол ауылының бүгінгі бет алысы, тыныс-тіршілігі жаман емес. Жоғары да айтқанымыздай, ауыл бағытына қарай жол жөнделіп, әлеуметтік нысандардың бүгінгі жай-күйі көңіл көншітерлік. Дегенмен, көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі – ауылда ұялы байланыстың жоқтығы.
Жаңабай АХМЕТОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31