Маңызды мәселелер талқыланды
Аудандық мәслихаттың биылғы алғашқы сессиясы өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жетінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірінші сессиясы болып өтті. Оған аудан әкімі Виктор Радченко, мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жиынды ашып жүргізген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Разиха Төлегенова 10 қаңтар күні өткен сайлаудың қорытындысын жария етті. Ол өз сөзінде аудан бойынша тіркелген 14322 сайлаушының 11501-і дауыс бергенін, «Nur Otan» партиясы – 9190 (81,5 пайыз) және «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 2086 (18,5 пайыз) дауыс жинағанын, сәйкесінше «Nur Otan» партиясы – 9, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 2 мандатқа ие болғанын атап өтті. Сондай-ақ, жаңадан сайланған мәслихат депутаттарын таныстырып, оларға депутаттық куәліктер мен төсбелгілер табыс етті.
Бұдан кейін мәслихат депутаты Виктора Ковальский жетінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірінші сессиясының төрағасы болып сайланып, жиынды одан әрі жалғастырды.
Жиын барысында қаралатын мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тауып, сессияның күн тәртібі бекітілді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – мәслихат хатшысын сайлау болды. Бұл ретті, халық қалаулыларының тарапынан мәслихат хатшысы лауазымына депутат Серік Қажиевтің кандидатурасы ұсынылды. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, Серік Қабланұлы Қарасу аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Одан әрі аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру, тұрақты комиссиялардың құрамы, тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлау және «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы түрінде депутаттардың бірігуінің тіркелуі туралы мәселелер қаралды. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Балжақаев Қарасу ауданының 2021-2025 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы туралы баяндады.
Мәслихаттың кезекті сессиясының төрағалығына мәслихат депутаты Қайрат Мұқановтың кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсынысқа депутаттар бірауыздан қолдау білдірді.
Жиын соңында аудан әкімі Виктор Радченко сөз сөйлеп, сайлаудың ұйымшылдықпен өткеніне тоқталып, саяси науқанның ойдағыдай өтуіне атсалысқан жандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ жаңадан сайланған депутаттар құрамына зор табыс тіледі.
Жаңабай АХМЕТОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31