Халықтың қолдауымен атқарылған жұмыстар жетерлік
Тәуелсіздің – қастерлі ұғым. Осынау ұлан-ғайыр жерімізді жаудан қорғап, көздің қарашығындай сақтап қалған бабаларымыз азаттық таңын аңсап өтті. Сондықтан да Тәуелсіздік – баға жетпес ең басты құндылығымыз
Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған арманға 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткіздік. Төбеміз көкке жетіп, ата-бабамыздың арманы шындыққа айналды.
Әрине, тәуелсіздік алған жылдары еліміз бірден аяққа тұрып кеткен жоқ. Ол кезде ел экономикасы құлдыраған кез болатын. Сондықтан мемлекетімізді нығайту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Тоқырау кезеңдерді артқа тастап, бүгінде айбынды мемлекетке айналдық.
Тәуелсіздік алғалы еліміз биік белестерді бағындырып, қарыштап дамып келеді. Қай салада болмасын тың серпіліс, өзіндік даму бағыты бар. Тәуелсіздік жылдары елдің ынтымақ-бірлігі артып, халқымыздың тұрмысы жақсарып, мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп келеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері дініміз де өркендеп, ұмыт бола бастаған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырды. Бүгінде арамызда дінге бет бұрып, бес уақыт намазын оқып, ораза ұстайтын жандар қатары көбейді. Халықтың дінге деген жанашырлығы, ықыласы артып, асыл дініміз исламның өркен жаюына және дамуына барынша үлес қосуда.
Халықтың қолдау-көмегі, ауызбіршілігі мен береке-бірлігінің арқасында Октябрь ауылындағы «Қарамырза» мешітіне жөндеу жұмыстар жасалып, Алла үйі жаңаша түрге енді. Халық игілігіне негізделіп, мешіттің сыртқы келбетін келістіре жөндеп, ауласын абаттандырып, мешіт жанындағы асхананың іші-сыртын жөндеу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Айталық, октябрьлық Балжан Жұмағалиева мен Аида Жұмағалиева мешітті ақтау және әрлеу жұмыстарын өз қолдарына алып, жүктелген міндетті тиянақты атқарды. Қажетті ақбалшық пен бояуларды сатып алуға демеуші болған – Ерік Умаров. Аулаға гүл көшеттерін отырғызып, оны күтіп-баптап жүрген – Бақытгүл Байдузенова. Түрлі түсті әсем гүлдер аулаға ерекше сән беріп тұр.
Қолынан өнер тамған Арман Балтабаев асхананың ішкі қабырғаларына суреттер салды. Оның көздің майын тауысып, келістіре салған суреттері көздің жауын алады. Мешіттің атауы жазылған маңдайшаны жаздырып, Қостанай қаласынан жіберуші – Алмас Хамзин. Асқар Мұхаммеджанов гүлдерді суару жұмысына өз септігін тигізіп, сумен қамтамас етті. Ауладағы шөптерді біркелкі қырқып, техникамен қамтыған – Талғат Әзбергенов.
«Қарамырза» мешітінің түнгі бет-бейнесіне таңқаласыз. Жаңа сипатқа ие болған. Мешіттің айналасындағы жарық шамдар алыстан көз тартады. Бұл жарық шамдарды Денис Байболатов сыйға тартты. Секен Бекжігітов тоқ сымдарын өткізіп, жарықтандыруға қол ұшын созды. Құрылысқа қажетті 2 мың дана кірпішті берген – Мәжид Елеусізов. Данияр Сиқымбаев жедел әрі тез су ысытатын аристон сыйға тартты. Осы жұмыстардың ойдағыдай іске асуына техникамен көмек бергендер – Серік Алатаев, Мейрамбек Молдахметов, Дәурен Қожахметов, Владимир Колодкин, Талғат Әзбергенов. Қол көмек бергендер – Серік Досқалиев, Данияр Сиқымбаев, Нұржан Сиқымбаев, Асылғазы Хұсайынов, Мырзаболат Баймурзин.
Айта кетерлігі, биыл аталған мешіттің шатыры да жаңартылды. Бұл бастама көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тауып, игі іс тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асты.
– Әрине, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Көптің қолдауымен мешітте ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Оған халық куә. Халықтың мешітке деген көзқарасы жақсы. Мешітіміздің әл-ауқатын жақсартуға қолдау-көмек көрсеткен барша азаматтар мен азаматшаларға алғысымыз шексіз, – дейді «Қарамырза» мешітінің бас имамы Серік қажы Салих.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттерді ұсынған «Қарамырза» мешітінің бас имамы Серік қажы Салих
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31