Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік концерт өтті
«Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Қазақ халқы ежелден қарттарын сыйлап, айрықша құрметтеп, қадірлеп, қасиет тұтқан.
Жыл сайын қазан айының бірінші күні халықаралық қарттар күнін атап өтеміз.
Биыл қазыналы қарттарымыздың төл мерекесінде аспан ашылып, күн жылынып, табиғат нұрланып, молынан шуақ шашып, көпшілік мерекені шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды.
Аудан орталығындағы Қарасу балалар өнер мектебінде халықаралық қарттар күнін орай «Алтын күз» атты мерекелік концерт өтті.
Шараның басты мақсаты – егде адамдардың мәртебесін жоғары ұстап, сый-құрмет көрсету, бізге қашан да олардың алғысы мен ақылы қажет екендігін сезіндіру.
Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Гүлсара Ержанова қарттарды төл мерекелерімен құттықтап, айтулы күннің мән-маңыздылығына тоқталды.
Ол өз сөзінде қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойларында мемлекетшілік пен патриоттық, еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда аға буын өкілдерінің өмірі мен еңбек жолы үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Қарасу ауылының әкімі Сергей Магзумов та құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін білдірді.
Шолақашы ауылдық клубының «VIM» бишілер тобы, талай аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері, елімізді Франция еліне паш еткен жас әнші Аялан Мұқанов, «Достық» аудандық мәдениет үйінің «Жігіттер» тобы, Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінің оқушысы Томирис Қожабаева, Қарасу балалар өнер мектебінің шәкірттері, жас әнші Азат Қасымхан, «Глория» халықтық вокальдық ұжымы, Октябрь ауылынан келген Омаровтар отбасылық ансамблі және «Встреча» вокальдық тобы қарттарға өздерінің өнерлерін көрсетіп, жүрекжарды құттықтау сөздерін айтып, би билеп, әннен шашу шашты.
Мерекелік шараны көңілді өткізу мақсатында қарттар арасында «Ән жұмбақ» музыкалық сайысы өткізілді. Көңілді шараның себепкері болған көнекөз қариялардың музыкалық есту қабілеттері және жылдамдықтары сынға түскен сайыс қызықты өтіп, жеңімпаздарға шағын сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, алдын ала жасырылған орын бойынша «Бақытты орын» иесі Любовь Шуркина атанып, бағалы сыйлыққа ие болды.
Концерт көптің көңілінен шықты. Көрермендер орындалған әндерді ұйып тыңдап, қошемет көрсетіп жатты. Солардың бірі – Гүлбаршын Журтекина: «Концерт ұнады. Үлкен әсер алдым. Шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Қарттар күні құтты болсын. Қуанышты күндер көп болып, еліміз өсіп-өркендей берсін!», – деді.
Шырайлы шара соңында Любовь Голомидова және Сәуле Егзекова концертті ұйымдастырушыларға қариялардың атынан алғыстарын білдірді.
Ұйымдастырылған шараға риза болған қариялар алғыстарын айтып, жайдарлы көңіл-күймен тарқасты.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, осындай ақылман, тілеуші қарттарымыз бар да өскелең жас ұрпақ қай жағынан болсын ғибрат алары еш шүбә келтірмейді.
Ақиық ақын Сағи Жиенбаев қазақтың қазыналы қарттарының жиынтық бейнесін:
Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым, аман саумысың, – деп төрт шумақ өлеңге сыйғызған екен.
Дария кеуде, тау мүсіндерге ақыннан артық теңдессіз теңеу мен тамаша тілек таппаспыз, сірә.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттер автордікі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31