«Бидай-К» ЖШС диқандары 14 мың гектар алқапқа дән септі
Биыл өңірде 599,2 мың гектар егістік алқапқа дәнді дақылдар себіледі. Оның 14 мың гектарға жуығы Комсомол ауылындағы «Бидай-К» ЖШС тиесілі. Бірер күн бұрын қарбаласқа толы жұмысты серіктестік ұжымы ойдағыдай аяқтады.
Шаруашылық тізгінін ұстаған Жұмат Байбосынов тәжірибесі мол, іскер азамат. Оның басшылығымен жұмыс істеп жатқан еңбек ұжымы 880 гектарға арпа, 1124 гектарға сұлы, 350 гектар жерге аралас дақылдар және 11780 гектар алқапқа бидай сіңірді. Дала төсінде 16 механизатор екі бригадаға бөлініп жұмыс атқарды.
Егіс даласында жүргізілген жұмыс барысымен бас агроном Талғат Ақшалов жан-жақты таныстырды. Аты аталған ауылда туып-өскен ол жергілікті мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, арман қуып қалаға аттанады. Қостанай индустриалдық колледжін «механик» мамандығы бойынша тәмамдап, әр түрлі салада жұмыс істеп, біраз уақыт қалада тұрақтап қалуына тура келеді. Кейін туған жері – Комсомол ауылына оралуды ойлаған ол агроном мамандығы бойынша білім алып, 2016 жылы «Бидай-К» ЖШС жұмысқа тұрады. Бұған дейін тұқым өсіруші агроном жұмысын атқарып келген Талғатқа биылдан бастап бас агроном міндеті жүктелген екен.
-Жауапты науқанға 150 текше метр жеңілдетілген жанар-жағармай қарастырылды. Техника және тұқым мөлшері де жеткілікті болды. Барлық жұмыстарды агротехникалық талаптарға сай орындап, сапалы атқарып шықтық. Егіннің бітік шығуы да осыған тікелей байланысты, – дейді Талғат Ақшалов.
Жуырда шаруашылықтың техника паркі заманауи үлгідегі жаңа «Кировец» тракторымен толықты. Құны 50 млн теңге болатын қуатты техниканың рөліне озат механизаторлардың бірі Болат Жұмабаев отырды.
-Мен 15 жасымнан бастап мал бағу ісіне ден қойған жанмын. Осы ауылдың тумасымын. Кеңестік кезең тұсында колхоздың, сосын шаруашылықтың жылқысын бақтым. Кейін әкемнен техника тілін үйреніп, 2002 жылдан бастап механизатор болып жұмыс істеймін. Серіктестік басшылығы жұмысшылардың егіс даласында алаңсыз еңбек етуіне қажетті жағдайды үнемі тудырып отырады. Өте қуаныштымын, жаңа техниканың тізгінін маған ұстатып жатыр, – дейді Болат Жұмабаев.
Науқан барысында диқандар таңның атысынан қас қарайғанша егіс алқаптарында тынбай еңбек етті. Жауапты науқанның салмағын шынайы сезініп, өз ісін тиянақты атқара білген білікті механизаторлардың бірі – Сергей Щенов. Ол аталған шаруашылықта жиырма жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.
– Менің бар өмірім ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Жастайымнан кең дала төсінде еңбек етіп, Жер-Ананың қыр-сырына қанығып өстік. Осы қара жерден бұйырған ырыздық-несібемізді айырып отырмыз. Жерді дұрыстап күтіп-баптасаң, ол да жемісін береді. «Көктемнiң әр күнi – жылға азық» дейді. Дархан даланың берер рыздығына ниеттеніп, қапы қалмаудың қамын жасап үлгердік. Науқан кезінде орташа есеппен бір күнде 80 гектар егістік жерге егін ектім, – дейді білікті механизатор.
Әңгіме барысында Сергей бүгін жерге түскен дән ертең өсіп-өніп, масақтары төмен салбырап, жайқалған егінге айналса, еңбегінің жұлдызы жанған сәт сол екенін жасырмады.
Иә, бітік шыққан астық – ел ырыздығы. «Нан болса, ән де болады» емес пе?!
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттер автордікі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31