Аудан орталығында тағы да бір бөбекжай бақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашады
Әлеуметтік нысандар – әл-ауқаттың көрінісі. Сондықтан да, аудандағы әлеуметтік нысандар әрдайым биліктің назарында. Жыл сайын аурухана, мектеп, балабақша және басқа да маңызы бар нысандар жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базалары жаңартылуда. Бұл бағытқа бөлінген қаржы да қомақты, атқарылар жұмыс та ауқымды
Бұған дейін де газетімізде жазғандай, биыл аудан орталығы тағы да бір балабақшамен толығады. Комсомольское көшесінде орналасқан «Жеті күн» қонақ үйі ғимараты қайта жөнделіп, балабақшаға айналмақ. Бұл жұмыстар көктем мезгілінде басталған болатын. Барлық жұмыстар қыркүйек айына дейін толық аяқталып, балабақша ел елгілігіне пайдалануға беріледі.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашу – демеушілік көмектің арқасында іске асуда. Бұл жобаға «ASTANA GRAND TRADE» ЖШС директоры Қуанышбек Тұрсыновтың демеушілігімен 17 млн. теңге бөлінді. Балабақша 96 бүлдіршінге арналған. Мердігер мекеме – «Айла-С» ЖШС.
-Балабақшаның жұмыстары аяқталуға жақын. Тынбай еңбек етіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 250 шаршы метр плитка, 200 шаршы метр еденнің тұтастырғы және 300 шаршы метр сылақ жұмыстарын істедім. «Айла-С» ЖШС жұмыс істеп келе жатқаныма 18 жыл болды, – дейді жұмысшылардың бірі Әмірхан Муртазин.
Естеріңізге саламыз, қонақ үй ғимараты «Қарасу» СӨК» ЖШС бас директоры Алмат Тұрсыновтың бастамасымен білім беру бөліміне тегін берілген болатын. Ғимараттың жалпы құны – 100 млн. теңге.
Бүгінгі таңда мемлекетіміз мектеп жасына дейінгі тәрбие беру мен оқыту мәселесін басты назарда ұстауда. Әр мемлекеттің болашағы – ең алдымен сол елдің өскелең ұрпағы. Абай атамыз бала тәрбиелеуде мұғалім, ата-ана және қоғамның атқарар рөлін ерекше атаған. «Жаста берген тәрбие – жас қайыңды игендей» дейді. Сондықтан қайсысының ықпалы зор болса, баланың мiнезi солай қалыптасары сөзсіз. Дегенмен де, бүгiнгi бала тәрбиесiнiң бiр бөлiгi – балабақшаға тиесiлi. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің қоршаған ортаны танып білу, әр нәрсеге қызығу қабілеті жоғары болады. Сол себепті баланың дүниетанымы осы кезден дұрыс қалыптасуы қажет.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суреттер автордікі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31