Ат үстіндегі тартыс
Тақымы тас, батыл жүректі ер азаматтар көкпар тартысты
Ер жігіттердің мықтылығы мен қайтпас қайсарлығы сынға түсетін көкпар ойыны ауданымызда жыл өткен сайын біртіндеп дамып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Восток ауылының шығыс және солтүстік беткейіндегі ипадромда осы ұлттық спорт түрінен көкпаршылар арасында жолдастық кездесу өткізілді.
Шараның ашылу салтанатында «Достық» аудандық мәдениет үйінің директоры Айна Тикенова және дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Саутпаев құттықтау сөз сөйлеп, жас әнші Аялан Мұқанов әннен шашу шашты.
Мәдениет үйінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған ойынға Қостанай қаласы, Қарасу және Новоселов ауылдарынан барлығы 14 шабандоз қатысты. Тақымы тас, батыл жүректі ер азаматтар екі командаға бөлініп, көкпар тартысты. Атқа мінген топтың өзара текетіресі, серкеге жармасқан сәттері көрермендерге ерекше әсер, жағымды көңіл-күй сыйлады.
Қарасу жерінде көкпардың көрігін қыздырып, ат спортын насихаттауға үлес қосқан азаматтар алғыс хат және сый-сияпатпен марапатталды.
-Ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ұлттық ойын – көкпарды ауданымызда дамыту керек. Бұл спорт түріне қызығушылық танытып отырған жастарымыз жетерлік. Алдағы уақытта ат спортын кеңірек насихаттап, шеберлігімізді шыңдап, команда құрып, дүбірлі додаларға қатысқымыз келеді. Бұл бастамамыз жанашыр азаматтар тарапынан жан-жақты қолдау тауып, демеушілік көмек көрсетілсе, нұр үстіне нұр балар еді, – дейді «Достық» аудандық мәдениет үйінің маманы Есімхан Тоқыбаев.
Айта кетерлігі, спорттық шараны ұйымдастыру барысында аттың жетіспеушілігі мәселесі туындаған болатын. Бұл проблеманы бір жақты қылуға «Қараман-К» ЖШС қолдау көрсетті.
Жаңабай АХМЕТОВ
Суретті ұсынған «Достық» аудандық мәдениет үйі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31