Қарбыздан қауіп бар ма?
Қарасулық мамандар бау-бақша өнімдерінің құрамын тексерді
Жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбыздың дәмділігіне дау жоқ. Бірақ аталған өнімдерден адамдардың уланып жататынын жыл сайын естиміз.
Маусым туғалы Қарасудағы сауда орындарынан «биылғы жылдың өнімі» деген жарнамамен сатылып жатқан қауын-қарбыздарды кездестіріп жүрміз.
Еліміздің оңтүстік өңірінен жеткізілген бұл өнімдер қаншалықты сапалы һәм қауіпсіз? Олардың құрамындағы нитрат мөлшері талапқа сай ма? Қауын-қарбыз саудасының маусымы басталғалы бері улану фактілері тіркелді ме?
Осыны анықтау үшін Қарасу аудандық сапа және қызмет көрсету қауіпсіздігін бақылау басқармасы РММ-нің мамандары Ұлттық сараптама орталығы Қарасу филиалының зертханасымен бірлесе отырып акция өткізді. Акция аясында жеміс-жидек пен көкөністерді нитраттарға тексеру жүргізді. Өткізілген акцияның нәтижесі бойынша көкөністерде, бақша және жемістерде нитраттардың құрамы жоғарылаған жоқ
«Қарбыздар маусым айында сауда сөрелерінде пайда бола бастайды. Атап өтерлігі, бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді.
Ал сапалы әрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды.
Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі.
«Қазір Қостанай нарығында еліміздің оңтүстік өңірінде піскен қарбыздар сатылып жатыр. Атап айтқанда, Шардара, Жетісай қалаларының аумағында піскен өнімдер жеткізілуде.
Жалпы, Қарасудағы қауын-қарбыз саудасы маусым айында басталады. Маусым-шілде айларында аудан тұрғындары оңтүстіктің қауын-қарбызын тұтынады.
Ал тамызда Алматы өңірінің өнімдері әкеліне бастайды. Қыркүйек айында өзімізде өсірілген қарбыздар сауда сөрелеріне түседі. Облыс нарығын отандық шаруалар толықтай қамтып отыр. Сондықтан Қытай, Өзбекстан секілді көршілес елдерден қарбыз әкелінбейді», – дейді Қарасу аудандық сапа және қызмет көрсету қауіпсіздігін бақылау басқармасы РММ-нің басшысының міндетін арқарушы Дүйсебай Аппазов.
Талапқа сәйкес қарбыздың құрамындағы нитрат көлемі әр килограммына шаққанда 60 миллиграмнан аспауы керек.
Басқарма басшысының сөзінше, ауданда әзірше талапқа сай келмейтін өнімдер тіркелмеген. Жүргізілген тексерістердің қорытындысы бойынша Қарасуда сатылып жатқан қарбыздардың құрамындағы нитрат мөлшері талапқа сай отыр.
Демек адамдарға қарбыздан да, қауыннан да қауіп жоқ.
Дүйсенбай Аппазовтың сөзінше, облыс нарығына әкелінген қауын-қарбыз алдымен карантиндік, фито-санитарлық тексеруден өтеді. Өнімді жеткізушілердің құжаттары тексеріледі.
Ал одан кейінгі жағдайды сауда орындарындағы департамент жанындағы зертханалар қадағалайды. «Бұдан бөлек, арнайы мониторинг жүргізіледі. Яғни тиісті өнімдер сауда орындарынан сатып алынып, зертханаға жіберіледі. Бұл тексерудің қорытындысы бойынша әзірше заң бұзушылық анықталған жоқ.
Өнім құрамындағы нитрат көлемі талапқа сай болмай шықса, сатушының құжаттары дұрыс болмаса айыппұл салынады. Айыппұл көлемі бизнес субъектілерінің шағын, орта және ірі түрлеріне байланысты әртүрлі болады. Айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен басталып, 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.
Басқрама мамандарының айтуынша, қауын-қарбызды таңдаған уақытта өте мұқият болған жөн. Олар қауын-қарбызды заңсыз ұйымдастырылған сауда орындарынан сатып алмау керектігін ескертеді. Бұл ретте бақша дақылдарын сатуға арналған орын қоршалған және күн сәулесінен, жауын-шашыннан қорғалған болуы керек.
Яғни сату орны шатыр астында орналасуы қажет. Бұдан бөлек қарбыздар биіктігі 20 сантиметрден кем емес болатын арнайы сөрелерде сақталуға тиіс.
«Қарбыздарды жол жиегіндегі сауда нүктелерінен сатып алуға болмайды. Өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металлдар тез жиналады. Кесілген қарбыздарды сатып алмаған дұрыс. Қарбызды пышақпен кескен кезде оның сыртқы бетіндегі лас заттар қарбыздың ішкі жұмсағына тез түседі. Қабығының бүтіндігіне көңіл аударыңыз, ол сызатсыз, жарықсыз, шұңқырсыз болуы керек. Тасымалдау кезінде қарбыздарды көп лақтырады.
Соның салдарынан пайда болған шұңқырлардағы қарбыздың жұмсағы ашып кетеді. Қарбызды кесер алдында оны ағынды сумен жақсылап жуу қажет. Кесілген қауын-қарбызды тоңазытқышта бір тәуліктен асырмай сақтау керек», – деп ескертеді басқарам мамандары.
Мешіт Ғазизұлы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31