
Қарасу ауданының Октябрь ауылында жаңа банкомат орнатылды
Биылғы жаңа жыл қарсаңында Қарасу ауданында бірталай игі істер жүзеге асып үлгерді.
Жақсы жаңалықтар легі әлі де толастар емес. Соның бір жарқын көрінісі ретінде Октябрь ауылында Halyk Bank банкоматы орнатылғанын қуана хабарлаймыз.
Октябрь ауылдық округі аудан орталығынан 110 шақырым жерде жатыр. Ол жақта жобамен 4100 адам тұрады. Көршілес Шолақшы ауылында да бірталай тұрғын бар. Екі ауыл халқының қаржы операцияларын жасау мүмкіндігін жеңілдету мақсатында бұған дейін ForteBank және Банк ЦентрКредит банкоматтары орнатылған еді. Жуырда аталған банкоматтар қатарын Halyk Bank құрылғысы толықтырды.

– Бастамашыл топ келіп, банкомат қою туралы ұсыныс жасады. Нәтижесінде тиісті банкомат ауыл әкімдігінің ғимаратына орналастырылды. Ол жер мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз қозғалысына сәйкес бейімделген. Бұған дейін Октябрь және Шолақшы, Айдарлы ауылдарының халқы зейнетақылары мен жалақыларын қолма-қол ақшаға шығарып алу үшін аудан орталығына қатынайтын. Үлкен кісілердің екі ортаға қатынай беру әсіресе қыс мезгілінде оңай емес. Тұрғындарға жайлылық сыйлау үшін банктер тарапының ұсынысын қабылдап, банкоматтарды орнату жұмысын қолдадық,-деді Октябрь ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Қарашев.
Halyk Bank банкоматы орнатылғанымен, әзірге ресми түрде ашылуы өткен жоқ. Сол себепті оның техникалық мүмкіндігі туралы ақпарат қолымызға тимеді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Сурет ауыл әкімдігінен алынды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31