Амангелділік шаруалар биыл әр гектардан орташа есеппен 6 центнерден өнім алып жатыр
Халық күнделікті көп тұтынатын тағамдардың ең қажеттісі – нан. «Нан болса, ән де болады» деп жатамыз. Тіршіліктің арқауына айналған ас атасының қадір-қасиеті, тіршілікте алар орны тым бөлек.
Күнделікті өмірдің хал-ахуалы қай кезде де осы қасиетті нанмен қаншалықты деңгейде қамтылғанымызға сәйкес бағамдалатыны ақиқат.
Ас атасы – нанның дастарханға үлкен еңбекпен, диқандардың маңдай терімен, қажырлы еңбектерінің арқасында келетіні сөзсіз. Тұрмыс-тіршілігін осы егінмен байланыстырған шаруалар бүгінде алтын астықты жинап алу жолында тынымсыз еңбек етуде. Нәпақасын қара жерден айырып отырған диқандар үшін биылғы науқан оңайға түсіп жатқан жоқ. Толассыз жауған жаңбыр егін жинау жұмыстарына біраз кедергі болды. Десек те, ауданның аграрийлері алтын астықты ысырапсыз жинап алуды көздеп отыр.
Өңірде егін орағы аяқталуға жақындап келеді. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, биыл аудандағы егін шаруашылығын кәсіп еткен агроқұрылымдар 620,404 мың гектарға дәнді дақыл еккен. Соның бүгінгі күнге дейін 434,0 гектары орылды. Бұл барлық жұмыстың 70 пайызын құрап отыр.
Астықты қамбаға құюдан көш бастап тұрған шаруашылықтардың бірі – «Қадал» ЖШС. Амангелді ауылына қарасты шаруашылықтың орақ науқанымен танысу мақсатында серіктестіктің агрономы Алексей Никитинмен телефон арқылы тілдескен едік.
Алексей Амангелді ауылының тумасы. Ол ауылдағы орта мектепті 2010 жылы ойдағыдай аяқтап, сол жылы Қостанай ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға түседі. 2012 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған жас маман еш ойланбастан өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне табан тіреп, алғашқы еңбек жолын бастайды.
«Туған ауылымда еңбек ету, оның гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне тамшыдай болса да өз үлесімді қосу – басты борышым» деген ұстанымды алға тартады Алексей.
Міне, өмірін ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырған Алексей бүгінде ауданымыздағы іргелі шаруашылықтың бірінде агроном болып жұмыс істейді.
– Алексей, биыл қанша гектар жерге егін ектіңіздер және жалпы орақ науқанының жай-жапсары қалай?
-«Қадал» ЖШС биыл 15 мың гектар алқапқа дәнді дақыл еккен болатын. Орақ науқанын бастаған кезде астық жинау жұмыстары жақсы жүріп жатты. Кейін ауа райының қолайсыздығынан бастапқы қарқынды жоғалтып алдық. Дегенмен де, ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, орақ науқанын қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтауға күш салудамыз. Ол үшін жұмыс күші мен техника да жеткілікті. Биылғы орақ жұмысына 14 комбайн қатысуда. Бүгінгі күнге дейін белгіленген барлық жұмыстың 95 пайызы орындалды. Гектар берекелілігі орташа есеппен 6 центнерден айналуда. Басты мақсатымыз – шыққан егінді ысырапсыз жинап алу, – дейді серіктестіктің агрономы.
Сала мамандарының айтуынша, қазір күннің райы қолайлы, осыған орай қарқын да артып отыр. Басты мақсат – алдағы жұмыстарды жоспарланған деңгейде орындап шығу.
Жаңабай АХМЕТОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31