Қарасудағы ауыл мектебінің директоры ұстаздық жолы туралы ой бөлісті
Қарасу ауданындағы Павлов орта мектебінің директоры Дәулет Салькенов 20 жылдан астам еңбек өтілі бар педагог.
Осы уақыт аралығында бірнеше мектепке басшылық етіп, ауданның білім саласының дамуына елеулі үлес қос білді. Ауыл мектептерінің деңгейін көтеруге, оқушыларды ынталандыруға және ҰБТ көрсеткішін жақсартуға барынша қызмет етуде.
Дәулет Қаратайұлы Қостанайдағы педагогикалық институттың түлегі. Педагогика саласын таңдауына үлкен апасының септігі тиген. Ол кезде апасы Саркөл аудандық Маяк орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп жүрген кезі. Әскерден келген бозбала апасының ынталандыруымен мұғалім мамандығына оқуға түседі. Жоғары білім алған соң алғашқы еңбек жолын Маяк орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. Қуанышқа орай, ол жерде жақсы тәлімгерге жолығады. Сол кездегі мектеп директоры Николай Шулека жас маманның жолын ашып, бағыт бағдар береді. 1996 жылы Дәулет ағайды Ананьев негізгі мектебіне директор лауазымына ауыстырады. Сол жерде екі жыл қызмет етіп, кейін Севастополь орта мектебінде тоғыз жыл жұмыс істеді.
«Севастополь мектебінде оқушыларым үлкен жетістіктерге жетіп, мерейімізді асқақтатты. Футболдан балалар арасындағы аудандық жарыста чемпион атанды. Кішкентай мектеп ұжымының ауқымды сайыста жеңіске жетуі көпшілікті сүйсіндірді. Кейін Тағыл орта мектебіне бардым. Тағыл мектебінде үш жыл директор лауазымын абыроймен атқардым», – дейді Дәулет Салькенов.
Дәулет Қаратайұлы 2014 жылдан бері Қарасу ауданындағы Павлов орта мектебінің директоры. Білім ошағының спорттық сайыстар мен интеллектуалдық байқауларда жоғары деңгейге көтерілуіне күш салды. Айтуынша, кейінгі уақытта оқушылардың ҰБТ көрсеткіші де жақсара түскен. Соңғы екі жылда Павлов мектебінің түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден жүзден жоғары балл жинапты. Еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарға грантқа түсуге мүмкіндік алуда.

«Біздің балалар волейболдан аудандық байқауда жеңіске жетіп, Денисов ауданына жолдама алды. Волейболдан жасөспірімдер арасындағы облыстың үздік сегіз командасының қатарына қосылды. Әсіресе, қыздар еркін күрестен бірнеше мәрте облыс чемпионы атанып жүр. Республика деңгейіндеге додаларға қатысып келді. Зияткерлік сайыстарда біздің мектептің оқушысы Владислав Белоусов ауыл мектептері арасындағы республикалық байқауда 3-орыннан көрінді. Байқау Астана қаласында өткен еді. Мұндай нәтижелер барша мектеп ұжымының жеңісі», – дейді ол.
Ұстаз қызметі баға жетпес еңбек. Сол еңбектің өтеуін шәкірттері әркез түсініп, мектеп бітіргендеріне ұзақ жылдар өтсе де ұстаздарына келіп, амандасып, құрмет көрсетіп отырады. Мұның өзі түсінген жанға бір бақыт. Ал оқушыларды мектеп өміріне белсенді жұмылдырып, спорт пен білімге қатар баулу оңай шаруа емес. Оның бәрі педагог шеберлігінің, жылдар бойы жиналатын тәжірибенің арқасы.
«Әр баланың жетістігі ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі. Мен мектеп директоры ретінде барлық мұғалімдермен, психологтар мен әлеуметтік педагогтармен етене жақын қызмет етемін. Балаларды сырттай бақылап, даму бағытын, қалпын қадағалаймыз. Сол арқылы көмектесуге, демеп жіберуге тырысамыз. Баланы байқауларға қосқан сайын шыңдалады, білім көкжиегі кеңейеді. Сондықтан жиі бәйгеге қосуға тырысамыз», – дейді директор.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31