Қарасу ауданының Жамбыл ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Жуырда Қарасу ауданының Жамбыл ауылында өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Оның құрылысына және жобаны жүзеге асыруға жергілікті шаруа қожалықтары демеушілік жасаған.

Қуанышты сәтке Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Назарали Селімов арнайы келіп, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі атынан сөз сөйлеп, көпшілікті құттықтады. Маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан меценаттардың еңбегін ерекше атап өтті. Әлеуметтік маңызы бар бастаманың іс жүзіне асуына ауылдың бір топ жанашыр азаматтары үлкен қолдау жасаған. Әсіресе, «Бабушкин Р.В» шаруа қожалығы, «Гейко Г.Н» шаруа қожалығы және «Щурко И.П» шаруа қожалығының басшыларын ерекше атап өтуіміз керек. Аталған меценаттардың туған жерге деген ыстық ықыласы, ауылдастарына деген зор құрметі жап жаңа бекеттің ашылуына себепкер болды.

Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов жаңа нысан көпшілік игілігіне қызмет ететін қажетті жоба екенін атап өтті.
-Жаңа өрт сөндіру бекеті заманауи жабдықтармен, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Жеке құрамның қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасалып, арнайы бөлмелер жасақталды. Мұндай қолдау өрт сөндірушілердің өз міндеттерін тиімді және сапалы атқаруына мүмкіндік береді, – деді ол.
Жамбыл ауылдық округінің құрамына Жамбыл және Павлов ауылдары кіреді. Екеуінде жалпы саны 800-ден сәл ғана аса адам тұрады. Жаңа нысан округке қарасты екі ауылдың игілігіне қызмет етпек.

-Бұған дейін өрт сөндіру шаруасымен ауылдардағы ерікті өрт сөндіру жасақтары, шаруа қожалықтары мен ауылдық округ әкімі айналысты. Қолымыздан келмей жатқан кезде аудан орталығынан көмек сұрайтынбыз. Өрт сөндіру бөлімінің мамандары келіп, лезде қызыл жалынды ауыздықтайтын. Ауылымызда ашылған жаңа бекет елдің қажетіне жараса екен деп тілейміз,-деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі жолдады.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31