
Қарасулық ана Наурыз көже туралы тың деректермен бөлісті
Қарасулық Алмагүл Досмурзина ұлттық тағам Наурыз көжені ежелден әзірлейді.
Көктем келісімен қазан көтеріп, қыстан қалған сүрді асып, балаларына, немерелеріне дәм татқызуды құп көреді. Осылайша, ұлттық тағамның ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа таралуына үлесін қосуда.
-Бала кезден Наурыз мейрамын асыға күтемін. Бұл мейрам анамның жылы жүзін, ыстық алақанын еске салады. Шіркін, отбасыны түгел дастархан басына жинайтын наурыз көжені айтсаңызшы! Мұндай керемет дәстүр бір отбасыны ғана емес, бүкіл ауылды ұйыстырады. Ертеректе ауылда Наурыз көжені көше-көше болып бірігіп пісіріп, бүтіндей бір ауыл халқын қонақ еткен. Қазір заман ағымына сай әркім өз шаңырағанда әзірлеп, өздері дәм татады,-дейді ақ жаулықты ана Алмагүл Досмурзина.
Наурыз көже молшылық пен жақсылықтың жоралғысы саналады. Ашықсаң тойдыратын, шөлдесең шөліңді басатын киелі ас. Наурыз көжені «көпшіліктің асы» деп, бекер айтпаған. Кедейге – тоқшылық, байға – қанағат болған көжеден ұлылар да дәм татқан. Ынтымақ – бірлікті аңсаған әжелеріміз, «Үйдегілер де дәм татсын», — деп көршісінің үйінен кесе толы наурыз көжені өзінің үйінде әзірленіп жатқан көжеге қосқан. Бұл біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген ұғымды қалыптастырған.
-Дәстүр бойынша наурыз көжеге бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты жеті түрлі дәмді қосқан. Соғымның сыбағасы ретінде қазы мен шұжықты ұсақтап тураса, ұзынсарының белгісі ретінде сүр етті де майдалап араластырған. Халқымыздың төл кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, наурыз көженің құрамына міндетті түрде төрт түлік малдың өнімдері қосылған. Дәндерді жуып, әрқайсын бөлек қайнатып алған дұрыс. Өйткені әрқайсының бабы бөлек. Қазір наурыз көжеге сәбіз, картоп, кеспе, айран, қатық қосып жатады. Негізгі тәртібі бойынша жеті түрлі дәмнен кем болмағаны абзал. Қалғанын әркім өзінің жағдайына қарай қоса береді. Бірақ, наурыз көже деген осы екен деп көрінген дәмді қосып, артық қыламын деп тыртық қылып алмау керек ,-деді Алмагүл Сапабекқызы.
Кейіпкеріміз Алмагүл Досмурзина ұсынған наурыз көже құрамы осындай. Екі баланың анасы, алты немеренің әжесі Алмагүл апай ұлттық дәмді ұмытпайық, ұрпағымызға ұлықтайық дейді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Сурет Алмагүл Досмурзинаның отбасылық архивінен алынды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31