Балалардың денсаулығын нығайту – басты назарда
Бүгінгі таңда мемлекетіміз мектеп жасына дейінгі тәрбие беру мен оқыту мәселесін басты назарда ұстап отыр. Әр мемлекеттің болашағы – ең алдымен сол елдің өскелең ұрпағы
Абай атамыз бала тәрбиелеуде мұғалім, ата-ана және қоғамның атқарар рөлін ерекше атаған. «Жаста берген тәрбие – жас қайыңды игендей» дейді. Сондықтан қайсысының ықпалы зор болса, баланың мiнезi солай қалыптасары сөзсіз. Дегенмен де, бүгiнгi бала тәрбиесiнiң бiр бөлiгi – балабақшаға тиесiлi. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің қоршаған ортаны танып білу, әр нәрсеге қызығу қабілеті жоғары болады. Сол себепті баланың дүниетанымы осы кезден дұрыс қалыптасуы қажет.
Ауданымызда жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру бағытындағы жұмыстар дұрыс жолға қойылған. Елді мекендерде қазіргі заман талабына сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған бөбек-жайлар мен шағын орталықтар саны жетерлік. 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен аудан орталығындағы «Балапан» балабақшасы бұл сөзімізге дәлел бола алады. Жататын, оқу-тәрбиелік, ойнайтын бөлмелер мен басқа да бөліктерден тұратын бұл балабақшаның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ахуалы көңіл қуантады. Мұнда бүлдіршіндер белгілі бір тәртіпке, өзін ортада ұстауға үйренеді. Күні бойы түрлі іс-әрекетте болып, сабақтарға қатысып, қоршаған ортамен танысады.
Таза ауаның адам денсаулығына пайдасы зор екені сөзсіз. Сондықтан бір мезгіл далаға серуенге шыққанымыз абзал. Осы бағытта аталған балабақшада балалардың денсаулығын нығайту бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп отырады. Мәселен, қыста аулаға шығып, таза ауамен демалып, ақ қар үстінде ойнап, асыр салады. Балаларға шақталып істелген шағын сырғанақ та бар. Сырғанақ тепкен бүлдіршіндер мәз-мейрам, ойынға құмарлары тоймай, серуеннен алған әсерлері ерекше қуанышты. Балалардың денсаулығын нығайту бағытындағы бұл жұмыстардың берері мол.
Жаңабай АХМЕТОВ
Сурет әлеуметтік желіден алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31