«Әнді сүйсең, менше сүй…»
Дәл осындай атаумен мектеп оқушылары арасында ән байқауы өтті
Өткен аптаның жұмасы өнер сүйер қауымды ерекше әсерге бөлер, жақсы бір шараға толы күн болды. Бұл күні «Достық» аудандық мәдениет үйінде «Әнді сүйсең менше сүй» атты аудандық ән байқауы болып өтті.
Кұлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, – деп данышпан Абай айтпақшы, аталған байқауға ауданымыздың әр қиырынан келген өнер ұжым¬дары мен өнер иелері қатысты.
Байқаудың басты мақсаты – қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және таланттарын көрсетуге мүмкіндік беру.
Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде, олардың ән орындау және дауыс мәнерін саралап, сахналық мәдениетіне де баса назар аударды.
Байқау үш кезеңді қамтыды. Бұған дейін байқаудың бірінші және екінші кезеңдері өткен болатын. Оған қатысқан үміткерлердің ішінен іріктеліп, үшінші кезеңге 15 қатысушы жолдама алды.
Соңғы кезеңде әр қатысушы патриоттық тақырыпта және өз таңдауы бойынша бір шығарма орындады.
Әр кештің өзіндік бір ерекшелігі болады. Аталмыш кештің бірден бір өзгешелігі, концерттік бағдарламада патриоттық әндермен қатар, эстрадалық әндер де шырқалды. Осындай жан-жақты ұйымдастырылған шараға келушілер дән риза болды. Тіпті, сахна төріне көтерілген әрбір өнерпазды жылы қабылдап, қошеметтерін аямады.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – демекші, нағыз жүйрік үлкен додада танылады емес пе?! Байқауда ешкімге дес бермей, өзіндік ән орындау ерекшелігімен көзге түскен Қарасу ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Виктория Ворона және Қараман орта мектебінің «Достар» вокалдық тобы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шолақашы орта мектебінің оқушысы Айым Бекенова иеленсе, үшінші орынды Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінің оқушысы Гаухар Зейнел қанжығалады.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жаңабай АХМЕТОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31