Облыстық спартакиада – мықтылар сыналар сәт
Міне, араға жыл салып спорт сүйер қауым асыға күткен дәстүрлі «Тың-Целина» облыстық жазғы спартакиада жалауын көтерер күн де келіп жетті. Облыстың әр өңірінен кілең мықты деген спортшылар мен командалардың басын қосатын дүбірлі дода биыл Жітіқарада өтеді
Қарасу ауданының құрама командасы айтулы бәсекеге тыңғылықты дайын. Спортшылар тартысты додаға сақадай сай болу үшін өз бетінше және арнайы жаттығулар өткізді. Бастысы – спорты жанына серік еткен қарасулықтар Жітіқарадан олжалы оралуды көздейді.
Мәселен, қазақ күресі және еркін күрестен аудан намысын қорғайтын спортшыларымыз жарысқа дейінгі жаттығуларын аудан орталығындағы «Колос» спорт залында өткізді. Күні кеше ғана аталған залда жаттығып жүрген палуандарымызбен кездесіп, әңгімеге тартқан едік. Солардың бірі – Тарғынбек Махмутов. Ол алда өтетін спартакиада чемпионы атануға ниетті.
-Бозкілем үстінде жеңіске жету үшін бар күш-жігерімді салам. Бапкерім Нұрсұлтан Баязитов екеуміз белгілі жоспар бойынша жаттығу жұмыстарын жүргіздік. 57 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсем. Қазір бабыма келдім. Намыс туын биік ұстап, жеңіс төрінен көрінемін деген ойдамын,- дейді Тарғынбек.
Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді! Ең бастысы, жіберген қателіктерді дер кезінде түзеп отыру керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.
Алдағы жарыста жерлестерімізге сәттілік тілейміз, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді деп сенеміз!
Жаңабай АХМЕТОВ
Сурет автордікі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31