1000 жуық бетперде тігілді
Коронавирус індеті бүкіл әлемді дүрліктірді. Жұқпалы дерт дүниежүзі бойынша халық арасында тез таралып, бұл вирус біздің елімізде де айналып өтпеді.
Осы ахуалға байланысты Үкімет тарапынан коронавирус пандемиясына қарсы барлық сақтық шаралары қолға алынып, жұқпалы індеттің тұрғындар арасында таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.
Осыған сәйкес, төтенше жағдай талаптары күшейтіліп, бұл дерттен сақтанудың тәртібі қолға алынды. Осы орайда медициналық бетпердеге деген сұраныс бірден арта түсті. Дәріханаларда оның тапшылығы да ерекше сезілгені жасырын емес. Осындай сәтте жергілікті ісмерлер қол қусырып отырмай, бетперде тігуді қолға алды. Солардың бірі – Фанзиля Амирханова. Ол аудан орталығындағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейді.
Фанзиля – он саусағынан өнер тамған кісі. Ол бала кезінен қолөнерді жанына серік етіп, қолы қалт етсе, алтын уақытын сүйікті ісіне арнайды.
– Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгенде тұрғындар жаппай бетперде сатып алып, дәріханаларда бетперде жетіспеушілігі сезілді. Осыны көзбен көріп отырған соң, бей-жай қарап отырмас үшін бетперделер тігуге кірістім. Бұл іс арқылы тұрғындарды бетпердемен қамтамасыз етуге тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам, бір жағынан табыс көзіне айналды. Осы уақытқа дейін 1000 дана бетперде сатып үлгердім. Бір бетперденің құны – 118 теңге. Сұраныс жоғары. Басқа ауылдардан келіп, сатып алып жатқандар қатары да көп, – дейді Фанзиля Амирханова.
«Шебердің қолы ортақ» дейді дана халқымыз. Фанзиляның алдында тек қана пайда табу мақсаты тұрған жоқ. Оның сөзінше, кішігірім болса да қоғамға пайдасын тигізу.
Осындай қысыл-таяң уақытта дүрбелең туғызбай, төтенше жағдай режимі талап етіп тұрған тәртіпті, міндеттерді бұлжытпай орындап, әркім жауапкершілікті сезінуі қажет. «Сақтансаң сақтаймын!» деген сөзді әрдайым жадымызда ұстайық!
Жаңабай АХМЕТОВ
Сурет интернет желісінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31